60 келіге дейінгі салмақта Ташкенттегі Азия чемпионатына аттанған қазақ боксшысы Әділет Құрметов моңғол боксшысы Отгондалай Доржнямбууға қарсы жекпе-жекте жарақат алып, жарысты ерте аяқтады.
Қос боксшы арасындағы жекпе-жек бірінші раундтан ары жалғаспады. Қабағынан жарақат алған отандасымызға дәрігерлер жекпе-жекті жалғастыруға рұқсат бермеді. Нәтижесінде сол уақытқа дейінгі соққылар саны бойынша моңғол боксшысы жеңіске жетті.
Әділеттің қарсыласы осал емес болатын. Отгондалай Доржнямбуу - Риодағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Азия чемпионаты мен Азия ойындарының жеңімпазы.
Әділет Құрметов – Азия чемпионатынан шығып қалған екінші қазақстандық боксшы. Осыған дейін 49 келіге дейінгі салмақта Жомарт Ержан өзбек Хасанбой Дусматовқа жол беріп алған еді. Ал Қайрат Ералиев пен Василий Левит жартылай финалға шықты.