Бокстан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Әділбек Ниязымбетов шаршы алаңға сәуір айында оралады. Бұл туралы боксшының өзі «Алаш айнасы» интернет-порталының тілшісіне айтып берді.
— Қазір Құдайға шүкір денсаулығым жақсы. Алматыда, Ұлттық құрамамен бірге дайындықты бастап кеттім. Соңғы екі-үш айда Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласындағы «Сарыағаш» курортында жатып емделдім. Ол жақта білікті кәріс маманы бар екен. Сол маман менің ем-домымды жасады. Бірақ, менің жарақатым екі-үш күнде жазылып кете қоймайды. Толық емделу үшін біраз уақыт керек. Енді тағы бір үш айдан кейін қайта тексеруден өтемін. Егер, оның қорытындысы жақсы болса, бұйырса сәуір айында қайта рингке шығамын, - дейді Әділбек Ниязымбетов.
Еске салайық, Әділбек Ниязымбетов өткен жылы Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарында Қазақстанның көк туын ұстап шығып, Азия ойындарының чемпионы атанды. «Сары құрлықтың» басты додасынан кейін Әділбек бірден АРВ жобасында бақ сынаймын деп шешіп, бір кездесу өткізді. Алайда ол француз боксшысы Мэтью Бадерликке жеңіліп қалды.
Содан соң Әділбек өткен жылдың 21 қарашасында AIBA Pro Boxing (APB) жобасы аясында Джозефф Кеннедимен қолғап түйістіруі керек еді. Бірақ, боксшы жарақатына байланысты бұл жобаға қатысудан бас тартты.
Автор: Уалихан Қосанбай
сурет: vesti.kz