81 келіге дейінгі салмақта бақ сынайтын отандасымыз Әділбек Ниязымбетов Қытайдың Цяньань қаласында өтіп жатқан Олимпиадаға іріктеу турнирін сәтті бастады.
Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері жарысты екінші кезеңнен бастады. Өз салмағында үздік саналып отырған қазақстандық боксшы оңтүстік кореялық Хегун Янды 3:0 (30:27, 29:28, 30:27) есебімен жеңіп шықты. Ширек финалда Әділбек 29 наурыз күні сириялық Алаа Елдин Гоуссанмен жұдырықтасады.
Айта кетейік, осыған дейін ширек финалға Олжас Сәттібаев (52 келі), Абылайхан Жүсіпов (64 келі), Жәнібек Әлімханұлы (75 келі), қыздар арасында Назым Ишанова (60 келі) мен Дариға Шакимова (75 келі) шыққан болатын.
Бүгін кешкі жекпе-жектерде Қайрат Ералиев ширек финал жолдамасы үшін талас жүргізеді. Оның қарсыласы – тайпейлік боксшы Шен-Лин Лин.