Қазақстандық боксшы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит Гамбургтегі әлем чемпионатының ширек финалына шықты. Жарыстағы бірінші жекпе-жегінде бразилиялық боксшы Жоан Гонсалвешті айқын жеңді.
91 келіге дейінгі салмақта бақ сынайтын отандасымыз бразилиялық боксшыдан сенімді түрде айласын асырды. Қабағы жарылған Жуан дәрігерлерден бірнеше рет көмек те алды. Төрешілер 5:0 (30:26, 30:27, 30:27, 30:27, 30:27) есебімен Василийді жеңімпаз ретінде таныды.
Қазақстандық боксшы келесі кездесуін аустралиялық Джейсон Уотлиге қарсы өткізеді. Бұл жекпе-жек 29 тамызға жоспарланған.
64 келіге дейінгі салмақта Бекдәулет Ибрагимов Еуропа чемпионы атағына ие армян боксшысы Ованес Бочковқа жол беріп, жарысты аяқтады. Төрешілер 3:2 есебімен Бекдәулеттің қарсыласын жеңімпаз ретінде таныды.
Бүгін шаршы алаңға үші боксшымыз шығады. Күндізгі сессияда 69 келіге дейінгі салмақта Абылайхан Жүсіпов италиялық Винченцо Манджакапремен, Қамшыбек Қоңқабаев (+91 келі) неміс Макс Келлермен жұдырықтасады. Кешкі сессияда 841 келіге дейінгі салмақта Ерік Әлжанов Аустралия елінің былғары қолғап шебері Клэй Уотерманмен шеберлік сынасатын болады.