ӘЧ-2017. Бүгін төрт боксшымыз жартылай финалда жұдырықтасады

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
ӘЧ-2017. Бүгін төрт боксшымыз жартылай финалда жұдырықтасады
Фото ©️ Данияр Майлыбаев

Бокстан Германияның Гамбург қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында бүгін жартылай финалдық жекпе-жектер басталады. Төрт боксшымыз финал жолдамасына таласады.

БӨЛІСУ

Әлем чемпионатының жартылай финалына алты қазақ боксшысы шықты. Кубадан – жеті, өзбектерден алты боксшы жартылай финалда бақ сынайды.

49 келіге дейінгі салмақта жартылай финалға шыққан отандасымыз Жомарт Ержан кубалық Йоаннис Аргилагоспен жұдырықтасады. Бостандық аралының 20 жастағы жас таланты бокс әлемінде танылып үлгерді. 18 жасында әлем чемпионы атанды. Өткен жылы Риода өткен Олимпиада ойындарында қола жүлдеге қол жеткізді. Жомарт Ержан да осал боксшы емес. Талай халықаралық жарыстарда жүлделі орыннан көрініп жүрген спортшы. Әлем чемпионатының ширек финалында екі дүркін Еуропа чемпионын жеңді. Жеңіл салмақта Біржан Жақыповтан кейін жүлде алған екінші боксшымыз болмақ. Лайым, алтын болғай.

56 келіге дейінгі салмақта қазақ елі Қайрат Ералиевтен алтын күтеді. 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған-ды. Екі Азия чемпионатында (2015, 2017) қола алды. Гамбургте топ жаруға зор мүмкіндігі бар. Осы салмақта басты фаворит саналған өзбек Мураджон Ахмадалиевті жарыс жолынан шығарды. Бүгін ұлыбританиялық Питер МакГрейлмен жұдырықтасады.

75 келіге дейінгі салмақта Олимпиада және әлем чемпионы Арлен Лопесті жеңген Әбілхан Аманқұл бүгін әзірбайжандық Камран Шахсуварулымен кездеседі. Кезінде қазақ елінің атынан жарыстарға қатысқан боксшы кейіннен Әзірбайжан еліне кеткен. 2016 жылы Рио Олимпиадасының ширек финалында Жәнібек Әлімханұлын жарыс жолынан шығарған болатын. Сол есені бүгін Әбілхан қайтарса дейміз.

91 келіге дейінгі салмақта Василий Левит жартылай финалда кубалық боксшы Эрисланди Савонмен жұдырықтасады. "Бостандық аралының" боксшысы әуесқой бокстағы танымал спортшылардың бірі. 2015 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Риодағы Олимпиада ойындарында қола медальға қол жеткізген еді. Жартылай финалда Василийге жеңілген болатын. Спортсүйер қауым бұл салмақта отандасымыз ресейлік боксшы Евгений Тищенконың кездескенін қалайды. Себебі Рио Олимпиадасының финалындағы бұл кездесуден кейін дау туындаған еді.

Бүгін өтетін жартылай финалдық кездесулер Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады. Тікелей эфирде "Qazsport" арнасы көрсететін болады.

Бүгінгі жекпе-жектер кестесі:

1. 49 келіге дейін: Хоанис Архилагос (Куба) – Жомарт Ержан (Қазақстан).

2. 49 келіге дейін: Юберхен Мартинес Ривас (Колумбия) – Хасанбой Дусматов (Өзбекстан).

3. 56 келіге дейін: Қайрат Ерәлиев (Қазақстан) – Питер МакГрейл (Англия).

4. 56 келіге дейін: Гаурав Бидхури (Үндістан) – Дюк Раган (АҚШ).

5. 64 келіге дейін: Фрейдис Рохас (АҚШ) – Икболжон Холдаров (Өзбекстан).

6. 64 келіге дейін: Ованес Бачков (Армения) – Энди Круз Гомез (Куба).

7. 75 келіге дейін: Әбілхан Аманқұл (Қазақстан) – Камран Шахсуварлы (Әзербайжан).

8. 75 келіге дейін: Александр Хижняк (Украина) – Трой Исли (АҚШ).

9. 91 келіге дейін: Евгений Тищенко (Ресей) – Санжар Тұрсынов (Өзбекстан);

10. 91 келіге дейін: Василий Левит (Қазақстан) – Эрисланди Савон (Куба).