Бокстан Германияның Гамбург қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында отандасымыз Абылайхан Жүсіпов бірінші жекпе-жегінде жеңіске жетті. Келесі кездесуін Лондон Олимпиадасының қола жүлдегеріне қарсы өткізеді.
Абылайхан бірінші жекпе-жегінде мысырлық боксшы Валид Сайд Мұхамедті 5:0 есебімен айқын жеңді. Қарсыласын бір рет нокдаунға да түсірді.
Отандасымыз келесі жекпе-жегін италиялық боксшы Винченцо Манджакапреге қарсы өткізеді. 28 жастағы боксшы Лондон Олимпиадасында Данияр Елеусіновті жеңіп, жартылай финалда кубалық боксшыдан жеңіліп, қола жүлдегер атанған. Бакуде өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері (2011), Анкарада өткен Еуропа чемпионатының қола жүлдегері (2011) және Бакуде өткен Еуропа ойындарының күміс жүлдегері (2015) атағына ие.
Айта кетейік, осыған дейін Әділет Құрметов грузин боксшысынан жеңіліп, жарысты аяқтаған болатын. Ал кеше кеше Жомарт Ержан (49 келі), Қайрат Ералиев (56 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі) және Бекдәулет Ибрагимов (64 келі) бірінші жекпе-жектерінде жеңіске жеткен еді.