Жапонияның Саитама қаласында мәнерлеп сырғанаудан өткен Әлем чемпионатына қатысқан Абзал Рақымғалиев 20-шы орынға тұрақтады.
Алғашқы күні қысқа бағдарлама бойынша өнер көрсеткен жерлесіміз 121,78 ұпаймен 24-ші орыннан көрінген болатын. Ал еркін бағдарлама бойынша 183,55 ұпай жинап, қорытындысында 20-шы орынды місе тұтты. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан 2015 жылғы Әлем чемпионатына бір ғана спортшы қатыстыруға құқылы болды. Егер Абзал ондыққа енгенде, келер жылғы додаға екі спортшымыздың қатысуына мүмкіндік туар еді.
Әлем чемпионы болып Сочи Олимпиадасында «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан Юдзуру Ханю (282.59 ұпай) танылды. Күміс жүлде тағы бір жапондық спортшы Татцуку Мачидаға (282.26 ) бұйырса, қоланы испандық мәнерлеп сырғанаушы Хавьер Эрнандес (275.93) иеленді.
Естеріңізге сала кетсек, Саитамада өткен Әлем чемпионатына Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен денсаулығына байланысты қатыспаған болатын. Сонымен қатар, сол додада күмісті еншілеген канадалық Патрик Чан да бұл Әлем чемпионатына қатыспады.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sportinfo.kz