Орта салмақтағы WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық боксшы Геннадий (GGG) Головкиннің жеке бапкері Абель Санчес өз шәкіртінің жаз айында мексикалық кіші Хулио Сезар Чавеске қарсы кездесу алды келіссөздердің жүргізілу барысын хабарлай кетіпті. Бұл жөнінде Vesti.kz тілшісі жазады.
Шыны керек, екі жақ та келіссөздерді көпке созып жібергені белгілі. Тіпті осыған дейін кейбір батыстық БАҚ Чавестің кездесуден бас тартқандығы жөнінде хабар таратып үлгерген еді. Оған себеп ретінде мексикалық боксшының промоутері Top Rank-тің өзіне ұсынған сыйақы мөлшерін тым аз көргендігі болған. Алайда кейін Чавес промоутерлік компаниядан жаңа ұсыныс алып, келіссөздер қайта жалғасқан.
Абель Санчес
Осы орайда Санчес Boxingscene.com порталына берген сұқбатында былай депті: «Қазірдің өзінде Чавеспен болатын жекпе-жектің тағдыры 99 пайызға шешіліп қойды. Тек бір екі ұсақ мәселелер қалды. Меніңше, бұл бір аптаның төңірегінде шешіліп қалар. Боб Арум (Top Rank басшысы) жексенбі күні бізге келеді, сол себепті де келісім-шартқа дүйсенбі немесе сейсенбі күні нүкте қойылып қалар».
Бокс әлемі тағатсыздана күтіп отырған Головкин – Чавес арасындағы жылдың басты жекпе-жектерінің бірі 19 шілде күні Лос-Анджелестегі (Калифорния штаты) Форум атты жабық стадионда өтеді деп күтілуде. Ал кездесу АҚШ көрермендері үшін НВО телеарнасы арқылы ақылы форматта (РРV) көрсетілмек. Яғни бокс кешін тамашалаймын деген әр абонент телеарнаға 50-60 доллар көлемінде ақша төлеуі тиіс.
Айта кетейік, бұл кездесу Гена үшін 2014 жылы НВО арнасындағы алғашқысы болмақ. Бастапқыда телеарна 26 сәуір күніне белгіленген Энди Лимен өтетін кездесуді көрсетуді жоспарлаған еді. Алайда қазақстандық боксшы отбасында болған қайғылы жағдайға байланысты бұл кеште жұдырықтасудан бас тартты. Ал өткен жылдың 2 қарашасында Головкин мен Стивенс арасында өткен кездесу сол жылы көрсетілген рейтингісі жоғары үш жекпе-жектің қатарына кірді.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: sports.kz