Бүкіләлемдік бокс ассоцияциясы (WBА) бірінші орта салмақтағы жаңа чемпионның есімін жариялады, - деп хабарлайды Vesti.kz порталы.
Жаңа чемпиондық атаққа 28 жастағы аргентиналық боксшы Брайан Кастаньо (14-0, 10 КО) ие болды. Ол бұған дейін осы салмақтағы WBA белбеуінің уақытша чемпионы болған. WBA Regular белбеуі Деметриус Андраденің (25-0, 16 КО) орта салмаққа ауысқанынан кейін бос тұрған болатын.
ESPN басылымының мәліметі бойынша, бір салмақта чемпиондық белбеулерді қысқарту үшін WBA жақын арада осы салмақтағы WBA (Super) белбеуінің иегері Эрисланди Лара (25-2-2, 14 КО) мен Брайан Кастаньо арасындағы кездесуді ұйымдастыруға ниетті.
Айта кетейік, бірінші орта салмақтағы WBA рейтингінде отандасымыз Қанат Ислам (25-0, 20 КО) көш басына шыққан еді. Ал өткен аптада аргентиналық тілшілер Брайан Кастаньоның алдағы уақыттағы қарсыласы Қанат Ислам болатынын айтқан-ды.
Сондай-ақ Қанат "Qazaq" Ислам Алматыда әйгілі филиппиндік Мэнни Пакьяомен жұдырықтасуы мүмкін де ақпар тараған болатын. Бұл туралы спортшының PR менеджері Берік Сұлтан facebook желісіндегі парақшасында жазған еді.