Бүкіләлемдік бокс кеңесі орта салмақтағы WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (37-0, 33 КО) мен мексикалық Сауль "Канело" Альварес (49-1-1, 34 КО) арасындағы кездесуге арнайы белбеу дайындайды.
Мехикода өткен баспасөз жиыны барысында WBC ұйымының президенті Маурисио Сулеймен Геннадий Головкин мен Сауль "Канело" Альварес арасындағы кездесуге арналған арнайы белбеудің үш нұсқасын көрсетті. Алдағы уақытта дауыс берудің қорытындысы бойынша, үш нұсқаның біреуі таңдалып алынатын болады.
Негізі WBC ұйымы мұндай тәжірибеге бірінші рет барып тұрған жоқ. Осы уақытқа дейін мамыр айында өткен "Канело" мен кіші Хулио Сезер Чавес арасындағы жекпе-жекпе жекке арнайы белбеу жасап шығарған еді. Алайда Сауль Альварес ұйым басшыларымен сөзге келіп қалғанына байланысты ол белбеуді қажетсінбеген еді.
Еске салайық, "Канело" бұған дейін орта салмақтағы WBC белбеуінің иегері болатын. Бірақ 2016 жылдың мамыр айында ол белбеуден өз еркімен бас тартты. Кейін бұл бос тұрған белбеу Альварестің міндетті қарсыласы болған Головкинге берілген еді.
Айта кетейік, Головкин мен "Канело" арасындағы кездесу 16 қыркүйек күні Лас-Вегастағы "T-Mobile" спорт кешенінде өтеді. Бұл кездесуде GGG орта салмақтағы WBA (Super), WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеулерін қорғайды.
Кездесуді АҚШ жерінде HBO арнасы ақылы жүйе (PPV) бойынша көрсетеді. Головкин PPV жүйесі бойынша өзінің үшінші кездесуін өткізеді.