Орта салмақтағы WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Геннадий (GGG) Головкин Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының (WBA) шешімімен қаңтар айының үздік боксшысы деп танылды, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
31 жасар Геннадий Головкин өзінің соңғы өткізген кездесуін ақпанның 1-інен 2-сіне қараған түні Монаконың Монте-Карло ауданында ганалық Осумана Адамаға қарсы өткізіп, қарсыласын жетінші раундта техникалық нокаутпен ұтқан болатын. Бұл жеңіс Гена үшін өзі өткізген 29 кездесуіндегі 29-шы жеңісі болып тіркелді. Ал оның 26-сын және қатарынан 16 кездесуін уақытынан бұрын, яғни нокаутпен аяқтады.
Геннадий Головкин алдағы кездесуін 26 сәуір күні Нью-Йорктегі Madison Square Garden кешенінде өткізеді. Оның қарсыласы британиялық 29 жасар Энди Ли болуы мүмкін. Сондай-ақ үміткерлердің қатарында америкалық Джеймс Киркленд пен аустралиялық Дэниэл Гил де болған еді. Алайда Гил бұл жекпе-жектің өз елінде көрсетілмейтіндігі себепті кездесуден бас тарса, Киркленд поляк Дамиан Йонакпен келісім жүргізіп жатқандығы себепті жекпе-жекке шыға алмайтынын хабарлады. Десек те, егер бұл соңғы кездесу орын алып жатса, ол Головкиннің қатысуымен болатын басты кеште андеркарт есебінде болуы мүмкін.
Естеріңізге сала кетсек, Геннадий Головкин 2013 жылы төрт рет қатарынан айдың үздік боксшысы атанған болатын. Ол қаңтар, наурыз, шілде және қазан айларында үздік деп танылды.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: wbanews.com