Футболдан ел премьер-лигасының VII тур ойындары мәресіне жетті. Айта кетерлік айтулы оқиғалар да орын алмай қалған жоқ. Ендеше өткен турдың басты оқиғалары туралы айта отырайық.
«Жетісу» жанкүйерлері бас бапкердің қызметінен кеткенін талап етуде
Талдықорғанның «Жетісу» клубы VII турда өз алаңында «Атыраудан» 1:2 есебімен ұтылды. Ойын соңынан жергілікті жанкүйерлер облыс әкімі Амандық Баталовтан бапкерлерді ауыстыру туралы шағым білдірді. Сонымен қатар, клуб президенті Мұхит Тұрсынбаевқа да көңілдері толмайтынын жеткізді. Өз кезегінде облыс әкімі жанкүйерлер айтқан мәселелерді қарап, шешім шығаратынын айтты.
Айта кетейік, «Жетісу» жеті турда үш рет қана тең ойнап, төрт ойынды жеңіліспен аяқтады. Нәтижесінде премьер-лигада соңғы орында келеді.
«Тобыл» Вардан Минасянмен қош айтысты
«Тобыл» клубы VII турда «Ақтөбеден» жеңіліс тапқаннан кейін, Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов бас бапкер Вардан Минасянды қызметінен босатты. Армениядан келген футбол маманына команданы жасақтауға біраз уақыт берілгені рас. Бірақ, Вардан Минасян алға қойған мақсаттарды орындай алмады.
Айта кетейік, Сергей Масленовты алмастырған Вардан Минасян «Тобыл» тізгінін бір жыл ғана ұстады. Ал ендігі бапкер кім екені әзірге белгісіз.
«Шахтер» өз ойынын таба алар емес
Екі маусым бұрын еурододада ел абыройын асқақтатқан «Шахтер» әлі өз ойынын таба алар емес. Жаңа маусымдағы жеті турдан кейін Владимир Чебурин шәкірттері бар болғаны 4 ұпаймен 11-ші орында келеді. Кеше «Астана-Аренада» «Оқжетпестен 3:1 есебімен ұтылып қалды. Қарағандылық клуб алдағы турларда да сәтсіздігін жалғастырар болса, бас бапкер Владимир Чебурин өз қызметінен кетуі мүмкін.
Айта кетейік, «Оқжетпес» өз тарихында алғаш рет «кеншілерден» басым түсті. Көкшетаулық клуб премьер-лигада әлі де болса тең ойнап көрген жоқ. Төрт ойында жеңіске жетіп, үш ойында жеңіліс тапқан. Турнир кестесінде үшінші орында келеді.
«Ордабасы» мен «Ақтөбе» жеңілмей келеді
Жеті турдан кейін жеңілмей келе жатқан екі клуб қана бар. Олар - «Ордабасы» (Шымкент) мен «Ақтөбе». Шымкенттік клуб соңғы екі турда жеңісті соңғы минутта уыстан шығарып алумен келеді. Кеше «Астананы» 0:1 есебімен жеңіп, тең ойнап қалды. Виктор Кумыков командасына сәттіліктің жетіспей жүргенін алға тартты. Жеті ойында жеңіліс таппаған «Ордабасы» келесі турда «Қайсармен» кездеседі.
«Ақтөбе» клубы да жаңа маусымда жеңіліс тапқан жоқ. Бірақ, бес ойында тең түскен. Турнир кестесінде бесінші орында келеді. VIII турда өз алаңында «Жетісуді» қабылдайды.
Нұрбол Жұмасқалиевтің кезекті рекорд жаңартуына бір тур қалды
33 жастағы «Тобыл» капитаны Нұрбол Жұмасқалиев келесі турда алаңға шығатын болса премьер-лигада ең көп ойын өткізген футболшы ретінде рекорд орнататын болады. Қазіргі таңда Нұрбол мен Серік Жейлітбаевтың өткізген ойындар саны бірдей. Олар премьер-лигада 457 рет ресми ойындарға қатысқан.
Ел премьер-лигасында ең көп өнер көрсеткен ойыншылар:
1-2. Серік Жейлітбаев — 457;
1-2. Нұрбол Жұмасқалиев — 457;
3. Руслан Гумар — 424;
4. Данияр Мұқанов — 418;
5. Максим Самченко — 417;
6. Ерлан Елеусінов — 398;
7. Нұркен Мазбаев — 397.
Премьер-лигада әлі мансабын аяқтамай, ең көп кездесуге шыққан ойыншылар:
1. Нұрбол Жұмасқалиев («Тобыл») — 457;
2. Самат Смақов («Ертіс») — 390;
3. Қайрат Әшірбеков («Ордабасы») — 366;
4. Мұрат Тлешев («Атырау») — 364;
5. Қайрат Нұрдәулетов («Астана») — 357;
6. Игорь Юрин («Тобыл») — 340.
Айта кетейік, Нұрбол Жұмасқалиев премьер-лигада ең көп гол соққан ойыншы да. Ол бұл рекордын 160 гол соғып тіркеп отыр.
VII турдан кейінгі турнир кестесі
О | Клуб | О | Ж | Т | Ж | Доптар | Ұпай |
1 | "Қайрат" | 7 | 4 | 2 | 1 | 13-3 | 14 |
2 | "Ордабасы" | 7 | 3 | 4 | 0 | 8-4 | 13 |
3 | "Астана" | 7 | 3 | 3 | 1 | 9-5 | 12 |
4 | "Оқжетпес" | 7 | 4 | 0 | 3 | 7-9 | 12 |
5 | "Ақтөбе" | 7 | 2 | 5 | 0 | 4-1 | 11 |
6 | "Тараз" | 7 | 3 | 1 | 3 | 7-5 | 10 |
7 | "Атырау" | 7 | 2 | 3 | 2 | 7-8 | 9 |
8 | "Тобыл" | 7 | 2 | 2 | 3 | 7-11 | 8 |
9 | "Ертіс" | 7 | 1 | 4 | 2 | 7-9 | 7 |
10 | "Қайсар" | 7 | 1 | 4 | 2 | 3-5 | 7 |
11 | "Шахтер" | 7 | 1 | 1 | 5 | 5-11 | 4 |
12 | "Жетісу" | 7 | 0 | 3 | 4 | 4-10 | 3 |
Сурет: vesti.kz, sports.kz, sportinfo.kz