Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін наурыз айында өткізеді. Бұл туралы спортшының өзі мәлімдеді.
"Алғашқы жекпе-жегімді Лондондағы UFC Fight Night 171 турнирінде өткіземін. Жекпе-жектің келісімшартына қол қойдық. Қазір тек қарсыластың жауабын күтіп отырмыз. Ол келісімшартқа қол қойған соң жекпе-жек туралы ресми хабарлап, жарнама жасау басталады.
Жекпе-жекке толыққанды дайындық жүргізіп жатырмын. Кішігірім жарақаттарымнан жазылдым. Оған қоса көптен күткен жекпе-жегімнің қашан өтетінін білдім. UFC-де наурызда жекпе-жек өткізетінім туралы уәде берген еді. Ұзақ күттім. Тамызда келісімшартқа қол қойғаннан бері.
Қазір денсаулығым жақсы. Ешқайда асықпаймын, тек жаттығуымды жасап жүрмін. Әзірге Көкшетаудамын. Жекпе-жек туралы ресми мәлімдеген соң жаттығу жасайтын орнымды ауыстырамын. Мүмкін Алматыға келетін шығармын.
Бәрі көңілімнен шығады. Жекпе-жекті ұзақ күтемін. Кездесуге жақсы дайындықпен шығамын. Бәрі тамаша", - деді Шавкат Рахмонов Vesti.kz сайтына берген сұхбатында.
Айта кетейік, UFC Fight Night 171 турнирі 21 наурыз күні Лондон қаласында өтеді. "Номад" лақап атымен танымал спортшы өткен жылдың шілде айында UFC-мен келісімшартқа отырды. Осыған дейін UFC турнирлерінде қазақстандық бірде-бір спортшы бақ сынамаған. Шавкат Рахмонов қазақстандық спортшылардың арасынан бірінші болып әлемнің ең беделді ұйымымен келісімшартқа қол қойды.
Шавкат Рахмонов жартылай орта салмақтағы M-1 Global чемпиондық белбеуін 30 наурыз күні ресейлік Данила Приказамен өткен жекпе-жекте жеңіп алды. Араға үш ай салып Нұр-Сұлтан қаласында өткен аралас жекпе-жек кешінде белбеуін бразилиялық Тьяго Ласердаға қарсы айқаста қорғап қалды.
UFC (Ultimate Fighting Championship) – аралас жекпе-жектен әлемдегі ең беделді әрі танымал спорттық ұйым. Бас кеңсесі АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында орналасқан. Бүгінде UFC-дің кез келген жекпе-жек кеші әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген телеарна арқылы миллиондаған жанкүйер жинайтын ауқымды шараға айналған. Кәсіпқой ережесіз жекпе-жек шеберлері осы ұйым аясында бақ сынауды мақсат тұтады.