Қазақстандық аралас жекпе-жек майталманы (ММА) Шавкат Рахмонов UFC-дегі алғашқы жекпе-жегіне қатысты мәлімдеме жасады.
"Қашан сегізбұрышқа шығатынымды сұрайтындар көп. Келесі жылдың басында алғашқы жекпе-жегімді қашан өткізетінім белгілі болады", - деп жазды Шавкат Рахмонов Instagram парақшасында.
"Номад" лақап атымен танымал спортшы шілде айының соңында UFC-мен келісімшартқа отырды. Осыған дейін UFC турнирлерінде қазақстандық бірде-бір спортшы бақ сынамаған. Шавкат Рахмонов қазақстандық спортшылардың арасынан бірінші болып әлемнің ең беделді ұйымымен келісімшартқа қол қойды.
Шавкат Рахмонов жартылай орта салмақтағы M-1 Global чемпиондық белбеуін 30 наурыз күні ресейлік Данила Приказамен өткен жекпе-жекте жеңіп алды. Араға үш ай салып Нұр-Сұлтан қаласында өткен аралас жекпе-жек кешінде белбеуін бразилиялық Тьяго Ласердаға қарсы айқаста қорғап қалды.
UFC (Ultimate Fighting Championship) – аралас жекпе-жектен әлемдегі ең беделді әрі танымал спорттық ұйым. Бас кеңсесі АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында орналасқан. Бүгінде UFC-дің кез-келген жекпе-жек кеші әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген телеарналар арқылы миллиондаған жанкүйер жинайтын ауқымды шараға айналған. Кәсіпқой ережесіз жекпе-жек шеберлері осы ұйым аясында бақ сынауды мақсат тұтады.