Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы наурыз айында шаршы алаңға оралады. Бұл туралы спортшының менеджері Эгис Климас instagram желісіндегі парақшасында жазды.
Кәсіпқой бокста Qazaq style деген атпен танылып жүрген отандасымыз 2020 жылды жоғары деңгейде өткізуді жоспарлауда. Орта салмақта WBC Continental Americas және WBO Global белбеулеріне ие Жәнібек биыл чемпиондармен жұдырықтасқысы келеді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жәнібек Әлімханұлы ең кейінгі жекпе-жегін өткен жылдың қараша айында өткізген. Фреснода (АҚШ, Калифорния штаты) канадалық боксшы Альберт Онолуноспен жұдырықтасып, қарсыласын 6 раундта нокаутпен жеңген еді. Өткен жылы барлығы 4 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Оның 3-де қарсыласын уақытынан бұрын ұтып шықты.
Жәнібек әуесқой бокста Азия және Азия ойындарының жеңімпазы. 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында топ жарды. Олимпиада ойындарының қатысушысы.