Қазақстандық футболсүйер қауым 19 қарашадан бастап Испания ла лигасының ойындарын «KazSport» арнасынан тікелей эфирде тамашалай алады. Бұл туралы ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев «facebook» желісіндегі парақшасында жазды.
- Спортсүйер қауымды, әсіресе футбол жанкүйерлерін қуантатын мына бір жаңалықты өздеріңізбен бөлісіп қойғым келеді. 19-қарашадан бастап «Kazsport» телеарнасы футболдан Испания чемпионатын трансляциялай бастайды.
Қазақстандық тарап үшін тиімді болған бұл келісімге трансляциялау құқығының иелерімен арадағы жүйелі келіссөздің арқасында қол жетіп отыр.
Қалың көрерменнің сұранысына ие жобаларды отандық телевиязияға тарту жұмыстары одан әрі жалғаса бермек, - деп жазды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Испания ла лигасының (чемпионатының) ХІ тур ойындары аяқталып үлгерді. 27 ұпаймен мадридтік «Реал» көш бастап келеді. Каталондық «Барселона» 25 ұпаймен екінші орында болса, «Вильярреал» 22 ұпаймен үштікке еніп тұр.