Қазақстандық AVANGAR командасы жүлде қоры 1 миллион АҚШ долларын құрайтын Katowice Major халықаралық жарысында Counter-Strike: Global Offensive (CS:GO) ойыны бойынша бақ сынап жатыр.
Байрақты бәсекенің іріктеуінде AVANGAR австралиялық Renegades командасынан 8:16 есебімен ұтылғанымен, артынша бразилиялық FURIA eSports (16:14), франциялық G2 Esports (16:10) және Қытайдың TyLoo (16:12 және 16:14) командаларын жеңіп, тарихында тұңғыш рет Katowice Major халықаралық жарысының үздік 16 командасының қатарында бақ сынауға жолдама алған еді.
Katowice Major жарысының негізгі кезеңіндегі алғашқы матчында AVANGAR 16:12 есебімен team Liquid командасынан ұтылып қалды. Алайда ойын барысында қазақстандық команда есепте алда болып, жеңіске жетуге жақын еді. Алайда соңғы сәтте қарсылас команда таразы басын теңестіріп, артынша жеңісті жұлып алды.
Екінші кездесуде AVANGAR америкалық NRG командасынан басым түсті. Есеп - 16:13. AVANGAR-дың капитаны Али Jame Джами ойынның үздігі деп танылды.
Ал бүгін түнде AVANGAR тағы бір америкалық ұжымды қапы қалдырды. Қазақстандық ойыншы Дәурен AdreN Қыстаубаев өнер көрсететін FaZe Clan командасы AVANGAR-дан 16:13 есебімен жеңіліс тапты. Бұл жолы да Али Jame Джами 1,37 ұпайымен ойынның үздігі атанды.
Katowice Major халықаралық жарысының плей-офф кезеңіне бір қадам қалды. Әзірге AVANGAR-дың қарсыласы белгісіз.
Жақында HLTV жаңартылған рейтингінде біздің командамыз 2 сатыға көтеріліп 16-орынға жайғасты. Көш басында даниялық "Astralis" командасы. Екінші сатыға Liquid ұжымы орналасқан. Ал үздік үштікті украиналық "Natus Vincere" командасы түйіндеп тұр.
Сондай-ақ, AVANGAR мен CIS Esports League киберспорт ұйымы Counter-Strike: Global Offensive ойыны бойынша алғашқы кәсіпқой лиганың тұсауын кесті. Енді еліміздегі киберспортшылар FaceIT тәуелсіз платформасында Қазақстанда орналасқан серверлерде бақ сынайтын болады. KZ Pro League деп аталатын алғашқы кәсіпқой лига Counter-Strike: Global Offensive ойыны бойынша өтеді. Алғашқы турнирдің жүлде қоры 1000 АҚШ долларын құрамақ. Тұрақты маусымнан бөлек, апта сайын әр түрлі турнирлер өткізеледі. Ал болашақта KZ Pro League үздік ойыншылары Еуропаның ең беделді турниріне (FPL) жолдама алады.
AVANGAR - 2016 жылы Қазақстанда құрылған бұл ұйымда танымал Counter-Strike:Global Offensive және PlayerUnknown's Battleground ойындарынан сынға түсетін командалар бар. Бұл ұйымның жігіттері екі ойыннан да жақсы нәтижелерге жетті. Қазір командада төрт қазақстандық ойыншы өнер көрсетеді. Атап айтқанда: Тимур Төлепов, Айдын Тұрлыбеков, Алексей Голубев және Бектияр Бақытов. Ал команданың капитаны - ресейлік ойыншы Али Джами.