IWF Ильия Ильиннің жаза мерзімін өзгертті

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
IWF Ильия Ильиннің жаза мерзімін өзгертті
Фото ©️ Prosports.kz

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) өзінің ресми сайтында Илья Ильиннің жаза мерзімі екі жыл болғанын жариялады, - деп жазады Vesti.kz порталы.

БӨЛІСУ

Илья Ильин 2016 жылы допинг қолданды деп халықаралық жарыстардан шеттетілді. Одан бергі аралық өміріндегі ауыр кезең болғанын спортшы өз сұхбаттарының бірінде ашып айтты. Қолдау білдіргендер болды, теріс пікір айтқандар да кездесті. Нәтижесінде IWF шешімін 1,5 жыл күтуге тура келді.

IWF тәртіптік-бақылау комиссиясының шешімімен Илья Ильин 2 жылға спорттан шеттетілді. Спортшыға қатысты шешім 2016 жылдың 10 маусымынан бастап күшіне енген. Бірақ IWF ресми сайтында қазір Ильиннің жаза мерзімі 2018 жылдың 19 қазанына дейін деп көрсетіліп тұр. Бастысы қазақстандық ауыр атлет үшін биылғы әлем чемпионаты мен 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігі бар.

IWF ресми сайтындағы мәлімдемеде Ильиннің 2008 жылғы Олимпиада ойындарында допинг ережесін бұзғандығына байланысты ештеме жазылмаған. Оның екі Олимпиадада ережені бұзғаны бір іс ретінде қарастырылған. Ал егер екеуі екі бөлек қарастырылатын болса, спортшы өмір бойынша спорттан шеттетілетін еді.

Айта кетейік, Илья Ильин тек Олимпиада ойындарының алтындарынан ғана айырылды. Ал оның әлем чемпионатында (2005, 2006, 2011 және 2014) және Азия ойындарында (2006 және 2010) алған алтындары өзінде қалды.

Өткен жылдың соңында спортшының өзі жаза мерзімі аяқталғаннан кейін спортқа қайта оралатыны туралы айтқан болатын.

Еске салайық, Пекин және Лондондағы Олимпиада ойындарының допингін қайта тексерудің қорытындысы бойынша Қазақстан жеті жүлдесінен айырылды. Тарқатып айтсақ, Пекиндегі Олимпиададан Ильиннің алтын жүлдесі, Ирина Некрасованың күміс жүлдесі және Мария Грабовецкаяның қола жүлдесі, ал Лондондағы Олимпиада ойындарындағы Ильин, Светлана Подобедова, Зульфия Чиншанло және Майя Манезаның алтын жүлделерін жоққа шығарып, кері қайтарды.

IWF Чиншанло мен Манезаны 2018 жылдың 28 мамырына дейін, ал Подобедованы сегіз жылға спорттан шеттетті. Бұл спортшылардың арасында тек Чиншанло ғана спортқа қайта оралуға ниетті.