Бүгін Халықаралық футбол тарихы мен статистика федерациясы (IFFHS) әлем елдері ішкі біріншіліктерінің рейтингін жариялады. Өткен жылғымен салыстырғанда, Қазақстан премьер-лигасы 21 сатыға жоғарылаған.
Жаңа рейтинг бойынша ел премьер-лигасы 83-ші сатыда тұр. Ал Азиядағы үздік ішкі біріншіліктердің көшін Корея Республикасы, Сауд Арабиясы және Жапония бастап тұр. Ал кезінде КСРО құрамында болған Ресей (8 орын), Украина (14 орын), Молдова (41 орын), Әзірбайжан (43 орын), Грузия (50 орын), Эстония (54 орын), Латвия (57 орын), Беларуссия (60 орын), Литва (69 орын) және Өзбекстан (69 орын) мемлекеттерінің ішкі чемпионаттары еліміздің футбол біріншілігінен жоғары тұғырда екен.
Әлемдегі ең тартысты және қызықты біріншіліктердің көшін төртінші жыл қатарынан Испания Ла-Лигасы бастауда. Одан кейінгі орынға ағылшын премьер-лигасы жайғасқан. Англия біріншілігі өткен жылғы рейтингте бесінші орында болатын. Үштікті бундеслига қорытындылады. Сонымен қатар алғашқы ондыққа Ресей, Колумбия және Румыния ішкі чемпионаттары еніп отыр. Есесіне Португалия және Нидерланды ондыққа енбеген.
КОНКАКАФ құрамындағы біріншіліктер арасында үздік көрсеткіш Мексика примера-дивизионына тиесілі болып отыр. Ал Африкада Тунис, Египет және Марокко ішкі футбол чемпионаттары үздіктер қатарында.
Үздік ішкі біріншіліктер ондығы:
1 (1). Испания - 1155,00 ұпай,
2 (5). Англия - 1128,00,
3 (3). Германия - 1056,00,
4 (4). Италия - 927,00,
5 (2). Бразилия - 896,00,
6 (6). Аргентина - 868,00,
7 (7). Франция - 796,00,
8 (19). Ресей - 739, 50,
9 (21). Колумбия - 724,50,
10 (14). Румыния -722,50,
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: kff.kz