Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Әбу-Дабиде өтетін дзюдодан әлемдік Grand Slam кезеңінде бақ сынайтын Қазақстан құрамасы анықталды.
Қазір таңда ұлттық құрама спортшылары Алматы облысында орналасқан AIBA спорт базасында байрақты бәсекеге дайындығын пысықтап жатыр. 24-26 қазан күндері өтетін байрақты бәсекеге Қазақстан сапынан 16 дзюдошымыз қатысады. Ерлер 12, қыздар 4 салмақта жүлдеге таласып көреді. Ел намысын Елдос Сметов бастаған құраманың бірінші нөмірлі дзюдошылары қорғайды.
- Әлем чемпионатынан кейін командада айтарлықтай өзгеріс жоқ. Бәрі де бабында, бәрінің де көңіл-күйлері тамаша. Осакада өтетін Grand Slam турниріне рейтингтегі ұпайы аздау спортшыларды апарамыз. Желтоқсан айында жылдың қорытынды жарысы – үздік 16 спортшы қатысатын Masters додасы бар. Ал 2020 жыл, Олимпиада жылы Израильдегі турнирмен басталады. Рейтингтегі ұпайымыз жаман емес, команданың басым бөлігі жолдама алады деген сенім бар, - дейді ұлттық құраманың бас бапкері Айдын Смағұлов ҚДФ баспасөз қызметіне.
Grand Slam кезеңіне қатысатын Қазақстан құрамасы:
Ерлер:
1.Елдос Сметов
2.Ғұсман Қырғызбаев
3.Елдос Жұмақанов
4.Ерлан Серікжанов
5.Жансай Смағұлов
6.Дидар Хамза
7.Руслан Мусаев
8.Ислам Бозбаев
9.Арман Қалиев
10.Айбек Серікбаев
11.Ғалымжан Қырықбай
12.Ерасыл Қажыбаев
Әйелдер:
1.Анна Казюлина
2.Севара Нишанбаева (57 кг)
3.Иоланта Бердібекова (63 кг)
4.Зере Бектасқызы (70 кг)