Бокстан орта салмақта IBF және IBO тұжырымдарының чемпионы Геннадий Головкин мен WBA мен WBC чемпиондық белбеулерінің иегері Сауль Альварес арасындағы үшінші жекпе-жек келер жылы өтуі мүмкін. Бұл туралы Golden Boy промоутерлік компаниясының президеніт Эрик Гомес мәлімдеді.
Sky Sports басылымына сұқбат берген Golden Boy басшысы Головкин – Альварес трилогиясы әлемдегі коронавирус пандемиясының салдарынан 2021 жылға шегерілгенін айтты.
"Біз үшінші жекпе-жек туралы келіссөз жүргіздік. "Канело" жұдырықтасуға дайын. Келер жылы үшінші жекпе-жекті өткіземіз деген сенімдемін. Қазір екеуі де трилогия қомақты қаржы әкелетінін түсініп отыр. Оған қоса жанкүйерлер бұл жекпе-жекті тағатсыздана күтуде", – деді Эрик Гомес.
The Athletic басылымының инсайдері Майк Коппинджер боксшылар бірнеше ай бұрын үшінші жекпе-жек өткізуге келісіп қойғанын, Головкин – "Канело" ІІІ айқасы келер жылдың мамыр айына жоспарланғанын хабарлаған еді. Үшінші жекпе-жекте "Канело" 45 миллион доллар сыйақы алады екен, ал Головкинің сыйақысы – 30 миллион долларды құрайды.
Биыл қос боксшы бір ғана жекпе-жек өткізуді жоспарлап отыр. Күзде GGG поляк боксшысы Камила Шереметаға қарсы чемпиондық белбеуін қорғайды. Жекпе-жек қазан не қараша айында АҚШ-та өтеді деп күтілуде. Ал Сауль Альварес екінші орта салмақта WBA супер чемпионы Каллум Смитпен жұдырықтасады.
Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы алғашқы екі жекпе-жек те Лас-Вегаста өтті. 2017 жылы өткен бірінші кездесуде боксшылар тең тарқасса, екінші айқаста "Канело" төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.