Globe Soccer Awards. Роналду 2018 жылдың үздік футболшысы атанды

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Globe Soccer Awards. Роналду 2018 жылдың үздік футболшысы атанды
Фото ©️ Globe_Soccer

Еуропалық клубтар қауымдастығы (ЕСА) мен Еуропалық футбол агенттері қауымдастығы (EFAA) 2018 жылғы Globe Soccer Awards марапаты иегерлерін анықтады. Португалдық футболшы Криштиану Роналду үшінші жыл қатарынан үздік атанды.

БӨЛІСУ

Бұл марапат 2010 жылдан бері табысталып келеді. Алғашында футбол агенттері мен режиссерлерге берілді. Футбол саласында жүрген мамандарды марапаттау мақсатында құрылған. Араға 1 жыл сала сыйлықтың аясы кеңейе түсті. Жыл өткен сайын арнайы аталымдар саны да артып келеді.  

Биыл Globe Soccer Awards марапатына жылдың үздік футболшысы аталымы бойынша Криштиану Роналду ие болды. Мансабында бесінші рет алды. 2011, 2014, 2016, 2017 жылдары да португалдық теңдессіз деп танылған. Радамель Фалкао (2012), Франк Рибери (2013) мен Лионель Месси (2015) бұл марапатты бір-бір реттен еншілеген.

Үздік жаттықтырушы марапатына биыл Дидье Дешам (Франция құрамасы) ие болды. Мадридтің "Атлетикосы" жылдың үздік командасы аталды. Ал Жорже Мендеш үздік агент аталымы бойынша марапат алды.

Футбол әлемінде жеке ойыншылар мен осы салада жүрген мамандарға берілетін марапаттар аз емес. Олардың ішінде мәртебелі деп "Алтын доп" пен FIFA тағайындаған The Best сыйлығын айтуға болады.

Айта кетейік, "France Football" журналы 2016 жылдан бастап Халықаралық футбол қауымдастықтары одағымен (ФИФА) келісімін үзген болатын. Нәтижесінде басылым "Алтын доп" иегерін өздері анықтаса, ФИФА "The best" сыйлығын табыстауды қолға алған еді.

Биыл "The Best" сыйлығы үшінші рет табысталды. Оны Лука Модрич иеленді. "Алтын допты" да осы хорват ойыншысы еншіледі.