Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) мен Сауль Альварес (50-1-2, 34 КО) арасындағы кездесу әлеуметтік желіде әлі қызу талқыланып жатыр. Отандасымыз алғаш рет жеңіліске ұшырады. Осыған байланысты көпшілік оның болашақ жоспары қандай екенін білуге құштар. GGG промоутері Том Леффлер The Ring журналына сұхбат беріп, Головкиннің алға қойған мақсаттары туралы айтты.
«Қазір Геннадий отбасымен демалыста, кейінірек одан әрі не істейтінімізді талқылаймыз. Golden Boy-дың не шешетінін де көреміз. Біздің білуімізше, олар «Канелоға» жылдың соңында жекпе-жек ұйымдастырмақ. Үшінші кездесу болмаса, басқа боксшыларды да қарастырып көреміз. Дегенмен, үшінші жекпе-жекке дайынбыз. Муратомен кездесу? Әрине, оны өткізуіміз әбден мүмкін, керемет айқас болары сөзсіз. Ол қазан айында Лас-Вегаста жұдырықтаспақшы. Top Rank-пен өте жақсы қарым-қатынастамыз, мүмкін қарсылас ретінде де қарастырып көреміз. Сондай-ақ, Сондерс Андрадемен кездеседі, біз болсақ, Сондерспен жұдырықтасуға әрдайым дайынбыз. Бір жағынан, қазір титулымыз болмағандықтан міндетті кездесулер де, қысым да жоқ. GGG үшін бәрінен де қайсысы ыңғайлы екенін бақылаймыз», - деді Леффлер.
Үшінші кездесудің ұйымдастырылуына байланысты да спорт сарапшылары екі түрлі пікірде. Алдыңғы мақалада бұл тақырып жайлы ашып жазған едік.