Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин келесі жекпе-жегін ағылшындық «Вест Хэм» (Лондон) футбол клубының стадионында өткізуі мүмкін. Бұл туралы «Daily Mail» басылымына сілтеме жасап vesti.kz сайты хабарлап отыр.
Қазақстандық боксшының промоутері Том Леффлер кезекті жекпе-жектерін «Вест Хэм» футбол клубының стадионы «Болейн Граундта» ұйымдастырулары мүмкін екенін айтқан. Жақында GGG мен оның командасы дәл сол стадионға келіп, «Вест Хэм» мен «Манчестер Сити» арасындағы ойынды тамашалаған болатын.
Геннадий Головкин спорттық мансабындағы 35-ші жекпе-жегін британдық Билли Джо Сондерс немесе Крис Юбенкпен (кішісі) өткізуі мүмкін деген ақпараттар бар. Әсіресе, «Вест Хэм» стадионында өтетін кездесуге Билли Джо Сондерс келіседі деп күтілуде. Осыған дейін британдық боксшының промоутері Фрэнк Уоррен дәл осы стадионда Дерек Чисор мен Дэвид Хэй арасындағы жекпе-жекті ұйымдастырған.