Fake news: "Альварес екінші рет допингпен ұсталды"

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Fake news: "Альварес екінші рет допингпен ұсталды"
Фото ©️ The Independent

Кешеден бері WhatsApp желісінде Сауль "Канело" Альварестен екінші рет допинг табылғаны, Геннадий Головкинге чемпиондық белбеулері қайтарылатыны жайлы ақпарат тарауда. Бұған бірі сенсе, бірі сенбеуде.

БӨЛІСУ

Әлеуметтік желілер сан түрлі ақпараттың қайнаған ортасына айналғаны қашан? Ішінде дұрысы да бар, бұрысы да бар. Ақиқаты да бар, жалғаны да бар. Арандататын, ел арасына іріткі салатын ақпараттар да кездесіп жатады. Ал күні кеше Сауль Альварес пен Геннадий Головкин жайлы хабарлама тарады. Ақпараттың мәтіні төмендегідей:

"Қурметти қазақ елі,сүйінші хабар
Генади белбеулерін қайтарып алды екен себебі Канэлло допингпен тағы да 2-ши мәрте усталыпты деп xабарлайды Бок федерация башылары.Ресми корсетилим 20-қыркүйек сагат 20:00 KAZSPORT арнасында"

Бұл - жалған ақпарат!

WhatsApp желісінде тараған бұл ақпарат жайлы бүгін "Қазақстан" телерадиокорпорациясының төрағасы Ерлан Қарин өзінің facebook желісіндегі парақшасында арнайы мәлімдеме жасады.

- Генаның жеңілісіне өкінгені де бар, тіпті қайғырғаны да бар. Бірақ, елдің көңіліңмен былай ойнап, әзілдеу енді тіпті артық. Кешелі бері көптеген азаматтар мына жалған ақпаратқа сеніп, жекеге жазып сұрап жатыр:)

Ешқандай да қайта жекпе-жек жуырда болмайды. 

Кез келген жекпе жек бірнеше ай бұрын дайындалады, ондай болатын болса міндетті түрде арнайы xабарлаймыз, - деп жазды.

Ақпараттың жалған екенін анықтаудың түрлі жолдары бар. Жоғарыда WhatsApp желісінде тараған хабарламалар жайлы қазақстандық немесе шетелдік сайттар жар сала жазған жоқ. Хабарламаның шын-өтірігін анықтау үшін еліміздегі электронды ақпарат құралдарын, спорт сайттарын шолып шыққан абзал.

Хабарлама мәтіні қатеге толы. Алақандай ғана мәтінде грамматикалық, стилистикалық және логикалық қателер жетіп артылады. Қазақтың төл дыбыстарын бірде дұрыс, бірде орыс қарпімен ауыстырып жазған. Сондай-ақ KAZSPORT атауы QAZSPORT болып ребрендинг жасалғаны қашан?

Қай бокс федерациясы (Қазақстан бокс федерациясы, әлде кәсіпқой бокс федерациясы) "басшылары" екені де белгісіз. Еліміздегі кәсіпқой бокс федерациясы бұл ақпаратты таратпағанын мәлімдеді.

Әлеуметтік желілерде кез келген ақпараттарды оқып, оны бөлісуде абай болуға шақырамыз! Жалған ақпараттардың таралуына жол бермейік!