Қазақстандық волейболшы қыз Сабина Алтынбекова өзінің туған қаласы Ақтөбеде жеке волейбол клубын ашпақ. Бұл туралы «Диапазон» басылымына сілтеме жасап, vesti.kz сайты хабарлады.
Спортшының айтуына қарағанда, жаңадан құрылатын командада ер адамдар да әйелдер де спортпен шұғылданатын болады.
- Әйелдерден құрылған команда үшін жоғарғы лига мен премьер лига құрғымыз келеді. Мақсатымыз – волейбол ойнағысы келетін кішкентай қыздардың арманын орындау, - дейді спортшы.
Сабинаға спорттан өзге сән саласынан түрлі ұсыныстар түскені айтылып, жазылып жүр. Дегенмен волейболшы бірінші орынға спортты қойып келеді.
- Мен бала кезімнен өмірімді спортпен байланыстыруды армандадым. Алға қойған мақсатым көп. Соған жетуге күш саламын, - деді спортшы.
Айта кетейік, қазіргі таңда Сабина Алтынбекова ұлттық лигадағы 23 жасқа дейінгі «Алматы» клубында ойнап жүр.