Спорттық арбитраждық сот (CAS) AIBA (халықаралық әуесқой бокс федерациясы) президенттігіне үміткер болып отырған Серік Қонақбаевтың шағымын қанағаттандырды, - деп хабарлайды Қазақстан бокс федерациясының ресми сайты.
Шағым түсіруге AIBA сайлау комиссиясының Серік Қонақбаевты ұйымның Президенттігіне кандидат ретінде тіркемеуі себеп болған еді. AIBA құжаттар қабылдау мерзімін 23 қыркүйек соңғы күн деп бекіткен. Ал Швейцарияның заңы бойынша 23 қыркүйек жексенбі болғандықтан демалыс деп есептеледі. 24 қыркүйек, яғни, дүйсенбі күні AIBA сайлау комиссиясы Серік Қонақбаевтың құжаттарын рәсімдемей қойған.
Арбитраждық сот сайлау комиссиясының бұл қадамын заңсыз деп тауып, оның кандидатурасын үміткерлер қатарына қайта енгізу жөнінде шешім шығарды.
- CAS пен бұл іске қатысушыларға менің шағымым бойынша әділ шешім шығарғаны үшін алғыс айтамын. Біз келтірген дәлелдерді CAS оң қабылдағанына ризамын. Мен үшін АИБА президенттігіне үміткер атану үлкен құрмет. Енді басшылықты міндетті қолға алып, біздің ұйымымыз бен спортымызды ұлттық федерациялармен бірлесе отырып қайта жандандыратын мүмкіндігіміз бар, - деді Қонақбаев.
- Маған президенттікке үміткер атануға мүмкіндік берді. Әрі қарай Президиумды ұтып алу үшін бар күшімді саламын. Мұны өзім үшін емес, біздің боксшылардың құқығын, олардың Олимпиададағы арманы мен үмітін қорғау үшін істегім келеді. Бұл міндетке үлкен жауапкершілікпен қарай отырып, 3 қараша күні Мәскеуде өтетін сайлауды асыға күтемін. АИБА жарқын болашағы үшін қауымдастықтың барлық мүшелерінен менің кандидатурамды қолдауды өтінемін, - дейді.
Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы (AIBA) атқару комитетінің мүшелері мен президентін сайлау шарасы 2-3 қарашада Мәскеудегі кезекті конгресте өтеді. Қазақстандық маманмен сайлауға қазіргі AIBA-ның атқарушы президенті Гафур Рахимов түседі.
Серік Қонақбаев - қазақтан шыққан танымал боксшылардың бірі. Екі дүркін Еуропа чемпионы және екі рет Әлем кубогын иеленген. 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері. Спорттағы мансабын аяқтағаннан кейін қоғамдық істер және спорт менеджментімен айналысты. Мәжіліс депутаты болды. 2010 жылдан бері AIBA атқару комитетінің мүшесі, 2014 жылдан бері - AIBA вице-президенті және Азия бокс конфедерациясының президенті қызметін атқарып келеді.