Қазақстандық Astana Arlans бокс клубы Бүкіләлемдік бокс сериясы Польша елінің командасына қарсы шаршы алаңға төрт бірдей дебютант боксшысын шығаратын болды, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Бұл «арландардың» WSB турнирінің топтық кезеңіндегі соңғы матчы болып саналады. Осыған дейін поляктарға қарсы кездесуге Қазақстан құрамасы атынан үш бірдей боксшы шығады деп хабарланған еді. Алайда кейін белгілі болғандай, олардың саны төртке дейін өскен. Сонымен алғаш болып рингке Ілияс Сүлейменов пен Гжегорж Козловский (52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде) көтерілетін болды. Екінші кездесуде (60 келіге дейінгі салмақта) Берік Әбдірахманов пен Давид Павл Михелус жұдырық түйістіреді. 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде WSB турниріне алғаш қатысып отырған боксшы, әлем чемпионы әрі ұлттық құраманың капитаны Данияр Елеусінов польшалық клуб қатарындағы армяндық легионер Жора Симонянқа қарсы шығады. Төртінші жұпта (81 келіге дейінгі салмақта) Лондон Олимпиадасы мен екі бірдей әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов поляк Казюк Грацьян Зыциньскиймен күш сынасады. Ал екі команда арасындағы кездесудің шымылдығын 91 келіден жоғары салмақтағы «арлан» Армен Симонян мен Сергей Вервейко жабады.
Естеріңізге сала кетсек, Astana Arlans клубы WSB аясындағы алдағы кездесуін 21 ақпан күні қонақта «Бостандық аралының» Cuba Domadores командасына қарсы өткізбек. Бұл В тобындағы екі көшбасшы команда арасындағы кездесу болғалы тұр. Олардың екеуі де уақытынан бұрын плей-офттық сындарға жолдама алып қойған болатын. Ал Poland Hussars-ке қарсы қарымта кездесу 1 наурыз күні Алматы қаласында өтпек. Алғашқы кездесуде қазақстандық клуб қонақта қарсыластарынан басым түскен еді.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: prosportkz.kz