Жаңа ғана Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде «Astana Arlans» дүниежүзілік бокс сериясы аясындағы (WSB) жартылай финалға берілер жолдаманы иеленді. Немістің «German Eagles» командасымен өткен қарымта кездесуде жерлестеріміз 5:0 есебімен айқын жеңіске жетті.
29 наурыз Германияның Ханау қаласында өткен алғашқы кездесуде жерлестеріміз қарсыластарын 3:2 есебімен жеңіп келген еді. Бүгін өз шаршы алаңында намысты қолдан бермеген «Astana Arlans» боксшылары жартылай финалға сүрінбей өтті.
Алғаш болып рингке көтерілген Мирас Жақыпов қонақтар былғары қолғап шебері Ронни Бебликті алғашқы минуттардан-ақ тықсыра бастады. Өзінің қарсыласынан мықты екенін ә дегеннен-ақ байқатты. Жекпе-жек қорытындысы бойынша жерлесіміз 50:45, 50:45, 50:45 нәтижесімен жеңіске жетті.
60 келіде шаршы алаңға көтерілген «Astana Arlans» капитаны Самат Башенов Артур Брилмен жұдырықтасты. Артур да өз кезегінде аянып қалмады. Дөп соққыларымен ерекшеленген жерлесіміз жеңісті өз еншісіне жазды.
69 келіде бақ сынаған Мейірім Нұрсұлтанов қарсыласы Вячеслав Керберді сенімді түрде жеңіп, командаға мерзімінен бұрын жартылай финал жолдамасы мен жеңіс сыйлады.
81 келіде өнер көрсеткен «Astana Arlans» боксшысы Хрвое Сеп Серж Мишельді 50:45, 50:45, 50:45 нәтижелерімен тізе бүктірді. Осыған дейін Данабек Сужанов шығады деп күтілген кездесуге Сергей Корчинский хорватиялық легионерді шығарды. Өз салмағында әлемдік рейтингте екінші тұрған неміс боксшысы бұл маусымда жеңілмеген болатын. Десе де бүгін мықтылығын байқата алмады.
Соңғы болып рингке көтерілген ауыр салмақтағы Руслан Мырсатаев қарсыласы Эрик Пфайферді 2:1 (48:47, 49:46, 46:49) есебімен жеңді. Қос кездесу қорытындысы бойынша жерлестеріміз «German Eagles» командасын 8:2 есебімен жеңіп, жартылай финалға өтті. Қарсылас - италиялық "Dolce&Gabbana Italia Thunder" мен "Azerbaijan Baku Fires" командаларының жеңімпазы. Алғашқы кездесуде әзірбайжандық команда өз алаңында 5:0 есебіме жеңген болатын.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: vk.com