Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) «В» тобында сәтті өнер көрсетіп келе жатқан «Astana Arlans» клубының «Caciques Venezuela» ұжымына қарсы шығатын боксшылар тізімі белгілі болды. Бесінші маусымдағы сегізінші жекпе-жек 7-наурыз күні Венесуэланың бас шаһары – Каракас қаласында өтеді.
Топтық кезеңнің жеті турының қорытындысы бойынша «Astana Arlans» 21 ұпай жинап, «В» тобында жеке-дара көш бастап тұр. Біздің команда топтық кезеңде өткізген барлық жеті кездесуінде де жеңіске жетті. Әзірге, мұндай нәтижеге «А» тобында Кубаның «Cuba Domadores» клубы да ие.
Естеріңізде болса, «Astana Arlans» бірінші кездесуін дәл осы венесуэлалық клубқа қарсы өткізген болатын. Алматыда өткен кездесуде қазақстандық клуб 5:0 есебімен жеңіп, айқын басымдық танытқан еді. Енді екінші айналым басталғалы отыр. Алдымен, бірінші айналымдағы қазақстандық клубтың нәтижелеріне тоқтала кетейік.
Биыл бүкіләлемдік бокс сериясында 2016 жылғы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарының 17 жолдамасы сарапқа салынады. Осыған дейінгі өткізген кездесулер қорытындысы бойынша қазақстандық клуб сапынан үш боксшының жолдаманы иеленуге зор мүмкіндігі бар. Олар:Мейірім Нұрсұлтанов (75 келі), Мейірболат Тоитов (56 келі), Василий Левит (91 келі) және Филип Хргович (+91 келі). Алғашқы үшеуі қазақстандық боксшылар болса, соңғысы клубтың хорватиялық легионері.
Мейірім Нұрсұлтанов, Мейірболат Тоитов пен Василий Левитке Олимпиада жолдамасы аса маңызды. Сондықтан да боксшылар кездесулерде барын салып жұдырықтасып келеді.
Алғашқы айналым 7 кездесуден тұрады. Қазақстандық клуб елімізде 5 кездесу өткізіп, 4-еуінде 5:0 есебімен жеңіске жетті. Тек соңғы италиялық клубқа қарсы жекпе-жекте ғана 3:2 есебімен басым түсті.
3 кездесуде «Astana Arlans» 3:2 есебімен жеңіске жеткен.
7 кездесуде қазақстандық клуб сапынан 35 жекпе-жекке 21 боксшы шаршы алаңға көтерілген. 17 боксшымыз жеңіске жетсе, 5 боксшымыз жеңілген. 2 боксшы өз алаңымыздағы жекпе-жекте, 3 боксшы сырт алаңда есе жіберген.
«Astana Arlans» 8 жекпе-жекте қарсыластарын мерзімінен бұрын жеңген (TKO)
Қазақстандық клубтың 13 боксшысы қарсыластарын 3:0 есебімен айқын ұтқан.
2:1 есебімен 2 боксшымыз жеңіске жеткен.
2:1 есебімен 1 боксшымыз жеңілген.
3:0 есебімен «Astana Arlans» боксшылары 6 рет жеңілген.
Ал, «Caciques Venezuela» командасы болса «В» тобында алтыншы орынға жайғасқан. Бұл клубтың еншісінде 10 ұпай бар. Венесуэлалық боксшылар топтық кезеңдегі жеті кездесудің үшеуінде жеңіске жетсе, төртеуінде жеңіліп қалған.
«Astana Arlans» клубының Венесуэлада жұдырықтасатын боксшылары белгілі болды. Ал қарсыластар әзірге құрамын жариялай қойған жоқ. Сонымен отандастарымыздың қатарынан 52 келіге дейінгі салмақта шаршы алаңға Олжас Сәттібаев көтеріледі. 60 келіге дейінгі салмақта Закир Сафуиллин жұдырықтасса, 69 келіге дейінгі салмақта Асланбек Шымбергенов бақ сынайды. 81 келіге дейінгі салмақта Хрвое Сеп жұдырық түйістірсе, 91 келіден жоғары салмақта Филипп Хргович кезекті жекпе-жегін өткізеді.
Марат Жақиев жаттықтыратын «Astana Arlans» «Caciques Venezuela» клубына қарсы кездесуін 7 наурыз күні сырт алаңда өткізеді. Тікелей эфирде «Хабар» арнасы көрсететін болады.
Cурет: massaget.kz
Оқи отырыңыз
Жаңа маусымдағы «Astana Arlans» сапына кімдер қосылды?
«Astana Arlans» V маусымды жеңіспен бастады
«Astana Arlans» Польшада «Hussars Poland» клубын жеңді