Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) финалында "Astana Arlans" клубының боксшылары "Cuba Domeodores" командасына есе жіберді. 26 қыркүйек күні кубалықтар 3:2 есебімен алға шықса, бүгін өткен жекпе-жектерде де "Бостандық аралының" боксшылары 4:1 есебімен басым болды.
Цзиньцзяндағы бокс кешін 52 кг-ға дейінгі салмақтағы боксшылар бастады. Сәкен Бибосынов Хорхе Гриньянмен жұдырықтасып, қарсыласын айқын жеңіп шықты. Нәтижесінде жалпы есеп 3:3 болып теңесті.
60 кг салмақта Закир Сафуиллин үш дүркін әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының екі дүркін қола жүлдегері Лазаро Альваресті жеңе алмады. Төрешілер 50:45, 49:46, 50:45 есебімен кубалық боксшы жеңіске жеткенін хабарлады.
69 кг салмақта бақ сынайтын қазақстандық боксшы Асланбек Шымбергенов те "Astana Arlans"-қа ұпай алып келе алмады. Лондон Олимпиадасының чемпионы, Пекин Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Рониэль Иглесиасқа жол берді. Дегенмен бұл шайқаста Асланбек қарсыласына есе жібере қоймағандай көрінген. Әйтсе де үш төреші де 48:47 есебімен кубалық боксшы жеңіске жетті деп бағалады.
2018 жылғы WSB чемпиондық атағы 81 кг-ға дейінгі салмақта шаршы алаңға шыққан боксшылар жекпе-жегінде шешілді. Қазақстандық жас боксшы Бек Нұрмағамбет Рио Олимпиадасының чемпионы, әлем чемпионатында төрт рет топ жарған Хулио Ла Крузды жеңе алмады. "Бостандық аралының" боксшысы барын салып, командасына чемпиондық атақты уақытынан ерте сыйлады.
Соңғы болып шаршы алаңға көтерілген ауыр салмақтағы боксшылар жекпе-жегінде де кубалықтар ұпай алды. Қамшыбек Қоңқабаев Хосе Лардуэттен жеңілді.
Финалда қарсыластарына есе жіберген "Astana Arlans" WSB жобасының төрт дүркін чемпионы атана алмады. Осыған дейін қазақ боксшылары 2013, 2015 және 2017 жылдары жарыс жеңімпазы атанды.
"Cuba Domeodores" те Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) үшінші рет чемпиондық атаққа қол жеткізіп, қазақстандық клубпен теңесті. "Бостандық аралының" командасы бұл додада 2014 және 2016 жылдары жеңіс тұғырынан көрінген болатын.