Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) ел намысын қорғап келе жатқан «Astana Arlans» жартылай финалда Ресейдің «Russian Boxing Team» клубын екінші күнгі жекпе-жектер қорытындысы бойынша 9:1 есебімен жеңді. Нәтижесінде WSB жобасының финалына жолдама алды.
Астанада өткен екі күнгі кездесулерде де қазақстандық боксшылардың мерейі үстем болды. Кездесудің бірінші күні шаршы алаңға шыққан Теміртас Жүсіпов (49 келі), Қайрат Ералиев (56 келі), Самат Башенов (64 келі), Мейірім Нұрсұлтанов (75 келі) пен Василий Левит (91 келі) қарсыластарынан басым түскен еді. Ал бүгін бірінші жекпе-жекте Олжас Сәттібаев ресейлік Карен Арутюняннан басым түсіп, клубты финалға алып шықты. Олжастан кейін шаршы алаңға көтерілген Закир Сафиуллин мен Данияр Елеусінов те жекпе-жектерін жеңіспен аяқтады. Ал 81 келіге дейін салмақта жұдырықтасқан Нұрдәулет Жарманов «Russian Boxing Team» клубының боксшысына есе жіберіп алды. Төрешілер шешімімен Эдуард Якушев жеңіске жетті. «Astana Arlans» клубының сапынан соңғы жекпе-жекке Иван Дычко өнер көрсетті. Ұлттық құрама боксшысы қарсыласы Руслан Шамаловты екiншi раундта техникалық нокаутпен оңай жеңіп шықты.
Марат Жақиев жаттықтыратын «Astana Arlans» финалда Кубаның «Сuba Domadores» клубымен кездеседі. Әзірге финалдық кездесу өтетін қала белгіленген жоқ.