Қазақстандық «Mobilex Racing Team» командасының экипаждары Қанат Шагиров/Александр Мороз және Юрий Сазонов/Арслан Сахимов «Africa Eco Race» ралли-рейдінің Сент-Сиприендегі техникалық байқауынан сүрінбей өтті. Бұл туралы vesti.kz сайты хабарлап отыр.
Қазақстандық экипаждар жарысқа Т1 санатында Hummer автокөлігімен сынға түседі. Жол талғамайтын автокөліктер арасында жерлестеріміз 206 және 208 нөмірлерін иеленді. 11 кезеңнен тұратын жарыстың жалпы ұзақтығы 2992 километрді құрайды. Сент-Сиприеннен (Франция) техникалық байқаудан өткен аламанға қатысушылар паром арқылы Марокконың Надор қаласына жеткізіледі. Жарыстың алғашқы кезеңі 31 қаңтар күні аталған қаладан бастау алады. Жалпы «Africa Eco Race – 2014» жолы Африканың Марокко, Мавритания және Сенегал елдерін басып өтеді.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: мұрағаттан, africarace.com