Africa Eco Race-2014 ралли жарысының бесінші кезеңі аяқталды

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Болат Қосмағамбет>
Africa Eco Race-2014 ралли жарысының бесінші кезеңі аяқталды

Mobilex Racing Team командасының құрамында сынға түсіп жатқан қазақстандық экипаж Қанат Шагиров пен Александр Морозов Africa Eco Race-2014 ралли жарысының бесінші кезең қорытындысында барлық автокөліктер ішінде төртінші орынға ие болды, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.

БӨЛІСУ

Жарысқа 206-шы нөмірмен қатысып, Hummer H3 көлігінің тізгінін ұстаған Шагиров пен Морозов 204 шақырым қашықтықты 1 сағат, 55 минут және 40 секундта жүріп өтті. Ал екінші бір қазақ елінің экипажы Юрий Сазонов мен Арслан Сахимов бесінші кезеңді алтыншы болып аяқтады. Олар белгіленген межеге 1 сағат, 57 минут және 38 секундта жетті. Айта кетейік, Сазонов пен Сахимов жарысқа 208-ші нөмірмен қатысып жатыр.

Марокко жеріндегі соңғы кезеңде бірінші орынды француз автошабандозы Жан-Луи Шлессер иеленді. Отандасы Тьери Магнальдимен жұп құраған ол бұл қашықтықты 1 сағат, 42 минут және 20 секундта басып өтті. Екінші болып мәреге Венгрия елінің спортшылары Балаж Салаи мен Ласло Бункоцки келсе (+6:01), үшінші орын бельгиялық Жак Луманс пен Фриц Дрисманстерге бұйырды (+12:49).

Ал автомобильдер жарысының жалпы есебі қорытындысы бойынша Шлессер мен Магнальди көшбасшылық орындарын сенімді түрде сақтап қалды. Енді олар екінші орынға жайғасқан Луманс пен Дрисманстан 39 минут 59 секундқа алда келеді. Шагиров пен Морозов болса көшбасшы жұпқа 20 минут және 36 секунд ұтылып, бесінші орында тұр. Ал Сазонов пен Сахимов болса төрт сағаттан аса уақытқа есе жіберіп, әзірше 12 орынды қанағат ұтып отыр.

Айта кетейік, ертең Africa Еco Race марафонының қатысушылары үшін демалыс күні. Ал 6 қаңтардан бастап Мавритания жерінде жоспарланған бес кезеңнің алғашқысы басталмақ.

Естеріңізге сала кетсек, жарыстың үшінші кезеңінде Шагиров пен Морозов басқарған көлік мәре сызығын үшінші болып кессе, одан кейінгі кезеңде Сахимов мен Сазонов дәл осындай нәтижені тіркеген болатын.

Айта кетейік, Africa Еco Race – атақты классикалық Дакар жолымен өтетін халықаралық ралли-марафон саналады. Биылғы жылы жарыс үш мемлекеттің (Марокко, Мавритания және Сенегал) аумағында өтетін болады. Ралли 2013 жылдың 29 желтоқсанында Францияның Сен-Сиприенінде жалауын көтерген болатын. Ал жарыс 2014 жылдың 11 қаңтарында Дакардағы Қызғылт көл маңайында мәреге жетеді. Қатысушылар осы аралықта 5580 шақырымды (оның 2997 шақырымы 11 кеңеңге бөлінген арнайы жолдар) басып өтулері тиіс.   

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: Vesti.kz