"Астана" Киевте "Динамомен" тең ойнады

Нұржамал Үсенова Корреспондент
"Астана" Киевте "Динамомен" тең ойнады
Фото ©️ vesti.kz

"Астана" футбол клубы Еуропа лигасы топтық кезеңіндегі бірінші ойында Украинаның "Динамо" командасымен тең ойнады. Киевте өткен кездесу 2:2 есебімен аяқталды.

БӨЛІСУ

Ойындағы алғашқы голды 11 минутта алаң иелері сапынан Виктор Цыганков соғып, командасын алға шығарды. Араға 10 минут сала Джуниор Кабананганың асырған пасына бірінші жеткен Марин Аничич таразы басын теңестірді.

Бірінші тайм аяқталар тұста "Динамо" екінші рет есепте алға шықты. Денис Гармаш елордалық команданың қақпашысы Ненад Эричтің өрескел қателігін оңтайлы пайдаланып кетті.

"Астананың" бірінші таймда бір емес, бірнеше гол соғатын мүмкіндігі болған. Алайда Марин Томасов гол соғатын сәттерде мүлт кетумен болды.

Ойын аяқталар тұста Григорий Бабаян Марин Томасовтың орнына Роман Мұртазаевты шығарды. Төреші қосқан уақыттың соңғы сәтінде шабуылшы баспен гол соғып, есепті теңестірді. Нәтижесінде 2:2 есебі сақталып, командалар бір-бір ұпайдан бөлісті.

"Астана" топтағы екінші ойында "Реннмен" кездеседі. Ойын 4 қазан күні елордада өтеді. Француз командасы бірінші турда "Яблонецті" 2:1 есебімен ұтып, топта көш басына шықты.