Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының үздік ойыншыларының бірі Серік Жаманқұлов жаттығу кезінде жарақат алып, әлем чемпионатына қатыса алмайтын болды. Бұл туралы «instagram» желісіндегі «futsalkazakhstan_official» парақшасына сілтеме жасап vesti.kz сайты хабарлады.
- Өкінішке орай, Еуропа чемпионатының үздік сұрмергені, еліміздің үздік ойыншысы Серік Жаманқұлов әлем чемпионатына қатыса алмайтын болды. Ол жаттығу кезінде жарақат алып қалды, - деп жазды «futsalkazakhstan_official» парақшасы.
Әлем чемпионаты алдында Қазақстан құрамасы Аустралиямен жолдастық кездесу өткізді. Колумбияда өткен ойында отандастарымыз 2:1 есебімен жеңіске жетті. Ойында Дуглас пен Александр Довгань гол соқты.
Айта кетейік, осыған дейін ұлттық құраманың екінші нөмірлі қақпашысы Григорий Шамро да жарақат алып, әлем чемпионатына жолы түспеген еді.
Колумбиядағы дода 10 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтеді. Қазақстан құрамасы алғашқы ойынын 12 қыркүйек күні Аргентина құрамасына қарсы өткізеді.