2026 жылы қысқы Олимпиада өтетін ел белгілі болды

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
2026 жылы қысқы Олимпиада өтетін ел белгілі болды
Фото ©️ U.S. Ski & Snowboard

2026 жылғы қысқы Олимпиада мен Паралимпиада ойындары Италияның Милан және Кортина-д'Ампеццо қалаларында өтетін болды. Бұл туралы Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) Швейцарияның Лозанна қаласында өткен сессия кезінде хабарлады.

БӨЛІСУ

7 жылдан кейін өтетін ақ Олимпиаданың астанасын ХОК мүшелері дауыс беру арқылы анықтады. 

Қысқы Олимпиада ойындары Италия жерінде осымен үшінші рет өтпек. 1956 жылы дәл осы Кортина-д'Ампеццо да жалауын желбіреткен. 2006 жылы Туринде өтті. Араға 20 жыл салып Италия жерінде тағы да қысқы Олимпиаданың алауы тұтанады. Сондай-ақ, бұл елде 1960 жылы жазғы Олимпиада (Рим) ойындары өткен.

Қысқы Олимпиаданы өткізуге Италияның Милан және Кортина-д'Ампеццо қалаларынан бөлек, Стокгольм мен Оре үміткер атанған еді. Алайда Швеция елінің қалалары жеңіске жете алмады. Осымен сегізінші рет сан соқты.

2026 жылғы ойындарды өткізуге өтінім қабылдау 2017 жылдың 16 наурызында басталған. Алғашында жеті қала Олимпиаданы өткізуден үмітті болған. Финалдық кезеңге дейін екі үміткер қала ғана қалды. Қалған қатысушылар өз еліндегі референдумда халықтан қолдау тапқан жоқ.  Осылайша, Канада (Калгари), Австрия (Инсбурк) және Швейцария (Сьон) өз өтініштерін кері қайтарды.

Айта кетейік, Алматы қаласы да 2026 жылғы жарысты өткізуге өтініш береді деген ақпарат айтылған. Бірақ Қазақстан ресми өтініш берген жоқ. 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізу үшін күш салып, шешуші сәтте Бейжіңге жол берген.