2017 жылғы "Қазақстан барысында" қызылордалық балуан жеңімпаз атанды

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
2017 жылғы "Қазақстан барысында" қызылордалық балуан жеңімпаз атанды
Фото ©️ Жеңіс Ысқабай

Қазақ күресінен жетінші рет ұйымдастырылған "Қазақстан барысының" жеңімпазы анықталды. Астанадағы "Барыс Аренада" өткен додада  Еламан Ерғалиев үздік шықты.

БӨЛІСУ

Астанада өткен Қазақстан барысына Ұлан Рысқұл, Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсынов сынды жеңімпаз атанған балуандар қатысты. Ал бұл додада үш рет жеңімпаз атанған Бейбіт Ыстыбаев биылғы жарысқа қатысқан жоқ. Ол күзде өтетін "Әлем барысында" бақ сынауды жоспарлап отыр.

2014 жылы Қазақстан барысы атанған Мұхит Тұрсынов бірінші белдесуінде "Әскер барысы" атанып келген Еламан Ерғалиевтен жеңілді. Байқоңыр қаласының тумасы ширек финалда қарағандылық Асыл Барменовті жарыстан шығарды. Асыл жарақатына байланысты белдесуді соңына дейін жалғастыра алмады.

Еламан Ерғалиев жартылай финалда атыраулық Арман Қалиевті айқын жеңіп, финалға шықты. Жартылай финалдағы екінші белдесуде тұңғыш "Қазақстан барысы" мен 2013 жылғы жеңімпаз Айбек Нұғымаров кездесті. Тартысқа толы өткен белдесуде Алматы облысының атынан шыққан Ұлан Рысқұлдың асығы алшысынан түсті.

Қола белбеу үшін күресте Шығыс Қазақстанның намысын қорғаған Айбек Нұғымаров атыраулық Арман Қалиевті жеңді.

Финалда бірінші болып әдіс жасамақ болған Ұлан Рысқұл Еламанды шалып жыға алмады. Есесіне қарсыласы әдіс пайдаланып, жартылай жеңіске ие болды. Артынша таза жеңіске жетті.

Жарыс жеңімпазы атанған балуан Еламан Ерғалиевке алтын белбеу және алтыннан құйылған "Тайтұяқ" табысталды. Сондай-ақ 25 миллион теңге сыйақы алды. Жаттықтырушысы да сыйақыдан құр алақан қалмайды. 3,5 миллион теңге көлемінде сыйақы иеленетін болады.

Күміс белбеуді иеленген Ұлан Рысқұл 5,5 миллион теңгеге ие болды. Жаттықтырушысына 1,8 миллион теңге берілді. Қола белбеу үшін өткен белдесуде жеңіске жеткен Айбек Нұғымаров 1,8 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Жаттықтырушысы 900 000 теңге алатын болады.

Айта кетейік, балуандар әр белдесуде жеңіске жеткен сайын 100 000 теңгеден ие болып отырды.

Белдесулер нәтижесі:

1/8 финал 

Шыңғыс Шоқпытов (Ақтөбе) - Айбат Сейтен (Астана) 
Арман Қалиев (Атырау) – Абай Ерболұлы (Жамбыл) 
Асыл Бәрменов (Қарағанды) – Жаңабай Мейрамбек (Маңғыстау) 
Еламан Ерғалиев (Әскер Барысы) – Нұрдәулет Жарылғапов (Маңғыстау)
Александр Касачев (Алматы обл) – Ержан Шынкеев (Қарағанды) 
Қасымхан Абылайхан (Қостанай) – Айбек Нұғымаров (ШҚО) 
Ұлан Рысқұл (Алматы обл) – Әділжан Ыстыбаев (ОҚО) 
Руслан Әбдіразақов (Алматы) – Кенжебек Күзембаев (Атырау)

Ширек финал

Айбат Сейтен (Астана) - Арман Қалиев (Атырау) 
Асыл Бәрменов (Қарағанды) – Еламан Ерғалиев (Әскер Барысы) 
Ержан Шынкеев (Қарағанды) – Айбек Нұғымаров (ШҚО)
Ұлан Рысқұл (Алматы обл) – Руслан Әбдіразақов (Алматы)

Жартылай финал

Арман Қалиев (Атырау)  - Еламан Ерғалиев (Әскер Барысы)
Айбек Нұғымаров (ШҚО) - Ұлан Рысқұл (Алматы обл)

Қола белбеу үшін белдесу

Айбек Нұғымаров (ШҚО) - Арман Қалиев (Атырау) 

Финал

Еламан Ерғалиев (Әскер Барысы) - Ұлан Рысқұл (Алматы обл)