15 жасар Динара халықаралық гроссмейстер деп танылды

15 жасар Динара халықаралық гроссмейстер деп танылды

Стамбулда өткен Бүкіләлемдік шахмат олимпиадасынан кейін қазақстандық шахматшы Динара Сәдуақасоваға қыздар арасындағы халықаралық гроссмейстер атағы берілді.

БӨЛІСУ

Сайыс 28 тамыз бен 9 қыркүйек аралығында өтті. 15 жасар Динара қытайлық Чжу Вэньчжунмен (Ju Wenjun) болған ойында тең нәтиже көрсетіп, 9 ұпайдың 7-еуін қанжығасына байлады. Айта кетелік, бұл ойынға дейін қытай спортшысының рейтингі отандасымыздан 312 пунктқа жоғары болды (Ju Wenjuin -2528, Saduakassova Dinara -2216). Осылайша ойын соңында Сәдуақасова қыздар арасындағы халықаралық гроссмейтстер деп танылды. Шахматшының олимпиададағы ең жас қатысушылардың бірі болғандығын да айта кетелік.

Динара, сонымен қатар, 1-9 тамыз аралығында Чехияда өткен халықаралық турнирде үшінші орынға ие болған еді. Кейінірек Челябинскіде өткен халықаралық турнирде де отандасымыз қыздар арасында топ жарды. Ал 1-10 шілде аралығында Астанада блиц пен рапидтен өткен чемпионатта спортшы жартылай финалға шыққан жалғыз қыз болды.

Динара Сәдуақасованың әлемнің екі дүркін чемпионы (2010 жылы -14 жасқа дейін және 2012 жылы - 17 жасқа дейін) екендігін естеріңізге сала кетелік. Ол, сонымен қатар, әлемнің және Азия құрлығының үш дүркін вице-чемпионы, 13 жастан бері халықаралық кластағы шебер, Қазақстанның спорт шебері. Сәдуақасова осы уақытқа дейін Қазақстан мен халықаралық сайыстарда сәтті өнер көрсетіп, қанжығасына ұзын саны 45 медаль байлады.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: vesti.kz