Қазақ балуаны Ризабек Айтмұхан еркін күрестен екінші рет әлем чемпионы атанды. Бұл жолы ол Понтеведрада (Испания) өтіп жатқан жастар арасындағы бәсекеде топ жарды, – деп хабарлайды msports.kz сайты.
Ризабек 20 жасқа дейінгі әлем чемпионатында 97 келіге дейінгі салмақта чемпион атанды. Бұған дейін дәл осы жарыста 92 келіге дейін бақ сынап, күміс алған.
Балуан бірінші белдесуінде былтыр чемпион болған ирандық қарсыласы Аболфазла Давуд Бабаланы 12:1 есебімен жеңіп шықты. Одан кейін грек Николас Караваносты да 12:1 етіп жеңді. Жартылай финалда америкалық Джастин Ли Радемахерді 9:1 есебімен ұтты.
Ризабек финалда әзербайжандық Хетаг Карсановпен белдесті. Қарсыласына бірде-бір ұпай бермей, 10:0 есебімен айқын жеңіп шықты.
Айта кетейік, Ризабек Айтмұхан - ересектер және жастар арасында чемпион атанған тұңғыш қазақ балуаны. Ол 2023 жылы Белградта алтын алған еді.