Көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қанша сыйақы беріледі?

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қанша сыйақы беріледі?

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне берілетін сыйақы мөлшері белгілі болды. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының басшысы Наиль Нұров айтты.

БӨЛІСУ

Жарыстың серіктестері бөлген қаражат жүлде төлеуге бағытталады. Сонымен қатар кәдесый өнімдерін алуға, ғылыми бағдарлама спикерлерінің ақысын төлеуге, шетелден келетін мәдени бағдарламаға қатысушыларға төлем жасауға жұмсалмақ.

«5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы жүлделердің жалпы сомасы 253 млн теңгені құрайды. Әр спорт түрі бойынша жүлделер жеке беріледі. Командалық спорт түрлері – бұл ең алдымен көкпар және көк-бору. Жеңімпаз командаға 10 млн теңге, екінші орынға 6 млн теңге, қола жүлдегерге 4 млн теңге табысталады. Жеке спорт түрлерінде жеңімпаздар 500 мың теңгеден алады, екінші орын иеленгендер 300 мың теңгеден, қола жүлдегер 200 мың теңгеден алады», - деді спикер.

Ат спорты түрлерінде жүлделер біршама көп: бәйге жеңімпазына 2 млн теңге, жорға, құнан бәйге, топ бәйге жарыстарында 3 млн теңгеден, аламан бәйгеде 5 млн теңгеден беріледі.

«Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары үшін арнайы әзірленген бірегей медальдар табысталады. Ойындар дизайнерінің авторы - отандық дизайнерлік студия», - деді Н.Нұров.

Сондай-ақ жарыстың медальдары да таныстырылды. Медаль қола қорытпасынан жасалған. Медальдің ортасында көшпелілер өркениетінің белгісі - ат үстіндегі Күн басты адамның таңбасы бар.

«Медальдің контуры ұлттық символымыз шаңырақ түрінде жасалған. Медаль таспасы ерекше, сердолик минералының түсі секілді. Онда Ойындардың өтетін орны мен уақыты көрсетілген естелік жазба бар», - деді Н. Нұров.