Тоқаев "Атлетико Мадрид" футбол клубының президентін қабылдады

Жансая Қадыржанова Корреспондент
Тоқаев "Атлетико Мадрид" футбол клубының президентін қабылдады
Фото ©️ Ақорда

Мемлекет басшысы "Атлетико Мадрид" футбол клубының президенті Энрике Сересо Торресті қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

БӨЛІСУ

Президентке елімізде "Атлетико Мадрид" футбол академиясын ашу жобасы таныстырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев испаниялық клубтың футбол әлеміндегі беделі зор екенін айтып, Қазақстанда спорттың осы түрін дамытуға және тәжірибе алмасуға қызығушылық танытқаны үшін Энрике Сересо Торреске алғыс білдірді.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанда футболды дамытуға айрықша назар аударылады. Қазір еліміздегі спорт мектептерінде, футбол секцияларында 40 мыңға жуық бала жаттығады. Сондай-ақ, инфрақұрылым жақсартылып, жаңа стадиондар салынып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев футболды дамытуға бағытталған бұл бастамаға мемлекет жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.

Энрике Сересо Торрес "Атлетико Мадрид" футбол академиясы әлемнің көптеген елінде ашылғанын жеткізді. Академияда дарынды футболшыларды тәрбиелеумен қатар, оларды әлемдік футбол лигаларына шығару үшін үздік тәжірибелерді енгізуге, жаттықтырушылар мен тәлімгерлердің біліктілігін арттыруға мән беріледі.

"Атлетико Мадрид" футбол академиясы Алматы облысы, Талғар қаласындағы Akbulak олимпиада орталығының базасында құрылмақ. Кездесу соңында Энрике Сересо Торрес Қасым-Жомарт Тоқаевқа "Атлетико Мадрид" ойыншыларының қолтаңбасы қойылған жейде сыйлады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!