Алматының "Қайрат" клубы өз алаңында өткен Еуропа лигасының іріктеу кезеңіндегі қарымта ойында андорралық "Энгорданиді" 7:1 есебімен ұтып келесі кезеңге өтті.
Ойын бастала салысымен басымдық танытқан қайраттықтар небәрі матчтың төртінші минутында-ақ есеп ашты. Гол авторы – Эппель. Ал, ойынның 11 минутында қарсылас қақпашы Кокадан серпілген допты венгрлік Эппель шабулшыға тән түйсікпен керек жерден табылып есепті еселеді. Ойынның 42 минутында Қайрат капитаны Исламханның шеберлікпен асырған пасын сәтті пайдаланған Эсеола қақпашыны қапы қалдырып есепті 3:0-ге жеткізсе, бірінші таймның аяқталар тұсында Эппель есепті 4:0-ге жеткізіп хет-трик авторы атанды.
Екінші таймда да "Қайрат" командасы сенімді ойын көрсетіп ойынның 53 минутында Бауыржан екі ойыншыны алдап өтіп қақпашы үстінен асырған добы голға айналды. Осыдан соң қарсылас команда ширақ ойын көрсетіп мачтың 72 минутында есепті қысқартқанымен (Лафонт 72), көп өтпей шабуылшы Эппель Сүйінбаевтің асырған пасын голға айналдырып есепті 6:1-ге жеткізіп, покер авторы атанды. Қайраттықтар бұдан кейін де шабуылдаудан тоқтамады. Ойынның 87 минутында Вороговскийдің алыстан қайшылап тепкен добы қарсылас қақпасында тулады. Жалпы есеп "Қайрат"-тың пайдасына 10:1.
Естеріңізге сала кетейік 12 шілдеде "Қайрат" "Энгорданиді қонақта 3:0 есебімен ұтқан болатын. Қайраттықтардың ендігі қарсыласы нидерландтың АЗ (Алкмар Занстрек) клубы.
Қайрат Энгордани 7:1
- Басты
- Жаңалықтар
- "Қайрат" Еуропа...