Ел футболындағы соңғы жаңалықтар

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
 Ел футболындағы соңғы жаңалықтар

Қазіргі таңда ел премьер-лигасындағы клубтар оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. Жаңа маусымға жаңа ойыншыларды да қарастыруда. Назарларыңызға ел футболындағы соңғы жаңалықтарды ұсынамыз.

БӨЛІСУ

«Тараз» Қырғызстан жастар құрамасына жол берді

«Тараз» футбол клубы оқу-жаттығу жиындары барысында Қырғызстан жастар құрамасынан жеңіліп қалды. Бұл туралы қырғыз ақпарат құралдары хабарлап отыр.

Қазақстандық клуб қырғыздарға қарсы ойынға негізгі құрамын шығармаған. Қосалқы құрам мен клуб сапын толықтырғалы жүрген ойыншылар алаңға шыққан. Ал Мирлан Эшенов жаттықтыратын Қырғызстан жастар құрамасы қаңтар айында Мәскеуде өтетін «Достастық кубогына» қатысатын құраммен шыққан. Қырғыз жастарына жеңіс сыйлаған екі гол да екінші таймда соғылды.

«Астана» бірінші оқу-жаттығу жиынын аяқтады

2014 жылғы маусымда топ жарған «Астана» футбол клубы Түркиядағы бірінші оқу-жаттығу жиындарын аяқтады. Клубтың ресми сайты таратқан ақпарат бойынша, команда дайындығын шыңдау барысында ешқандай клубпен жолдастық кездесу өткізбеген.

Он күнге созылған оқу-жаттығу жиындары барысында елордалық клуб қақпашы Михаил Голубничий және қорғаушы Берік Шаиховбен келісімшарт құрды.

«Тобыл» түркиялық клубты тізерлетті

Қостанайлық «Тобыл» Түркиядағы оқу-жаттығу жиындары барысында жергілікті «Муратпаша» командасын ойсырата жеңді. Есеп 6:0.

Бірінші таймда Рауль Джалилов дубль орындаса, Огнен Красич, Иван Садовичний және Артем Дели мергендіктерімен көзге түсті. Екінші таймдағы бір голды команда қарауында жүрген Сергей Мошников соқты.

Вардан Минасян жаттықтыратын команда келесі жолдастық кездесуін 26-желтоқсанға жоспарлап отыр. Әзірге қай команда екені белгісіз.

«Ордабасы» Түркиядағы оқу-жаттығуын жалғастыруда

Түркияда дайындығын шыңдап жатқан шымкенттік «Ордабасы» алдағы күндері екі жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлауда.

Жолдастық кездесулер алдында бас бапкер Виктор Кумыков команданың негізгі құрамын анықтау үшін ойыншыларды екіге бөліп кездесу ұйымдастырды. Жастарға қарсы ойнаған негізгі құрам мүшелері 4-2 есебімен басым түсті. Бас бапкер чехиялық Ондрей Куделаны да еліне қайтарды. Егерде оның орнына лайықты футболшы табылмаса қайта шақыратын болады. Бұған дейін Эндрю Мвесигва мен Абдулай Диакате де бапкер қойған талаптардың үдесінен шыға алмаған болатын. Сонымен қатар, қорғаушы Бағдәулет Қожабаев жарақат алып қалған.

«Оқжетпес» түркиялық клубты ойсырата жеңді

Премьер-лигаға оралған көкшетаулық «Оқжетпес» 16-желтоқсан күні Түркияда оқу-жаттығу жиындарын бастаған болатын. Команда дайындығын шыңдау барысында алғашқы жолдастық кездесуін ұйымдастырып та үлгерді.

Жергілікті «Этибанк Ферокром» командасымен ойын өткізген Владимир Мұқанов шәкірттері 7:1 есебімен жеңіске жетті.

Қазақстан ұлттық құрамасы Болгария құрамасымен жолдастық кездесу өткізуі мүмкін

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Болгариямен жолдастық кездесу өткізуі мүмкін. Сонымен қатар, Қазақстан футбол федерациясы Армения, Молдава, Эстония және Әзірбайжан құрамаларымен де келіссөздер жүргізіп жатқан көрінеді.

Айта кетейік, Юрий Красножан баптайтын Қазақстан ұлттық құрамасы 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу ойындары барысындағы алғашқы жаттығуларын 9-15 ақпан аралығында Түркияның Анталья қаласында өткізетін болады. Жолдастық кездесу де осы уақытқа жоспарланып отыр.

Болгария футбол федерациясы жолдастық кездесу туралы ұсынысты әлі мақұлдаған жоқ. Осыған дейін екі ел құрамалары кездесу өткізген. 2013 жылдың 4 маусымында Алматыда өткен жолдастық кездесуде болгарлар 1:2 есебімен жеңіске жеткен еді.

Сурет: okzhetpes.kz, fcordabasy.kz, fca.kz