25 шілде күні садақ атудан Қазақстан командасы Олимпиаданың іріктеу кезеңіне қатысып, ұпай жинады. Бүгін спортшылардың келесі кезеңдегі қарсыластары анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі olympic.kz-ке сілтеме жасап.
Іріктеу айналымынан соң садақ атудан Қазақстан командасы жалпы есепте 10-орында тұр.
Садақ ату, 1/32 айналым:
Ильфат Абдуллин - Эрик Петерс (Канада)
Александр Еременко - Аддис Баптиста (Франция)
Дәулеткелді Жаңбырбай - Хорхе Энрикс (Колумбия)
Еске салайық, іріктеу айналымында Қазақстан сапынан ең көп ұпайды Дәулеткелді Жаңбырбай жинады. Ол 668 ұпаймен 22-орыннан көрінген.
Ильфат Абдуллин 29, Александр Еременко 59-орында.
Команданың бас бапкері Артем Кичкин спортшылардың аяқ алысына қатысты пікір білдірді.
"Алғашқы қашықтық айтарлықтай оңай болған жоқ. Жігіттер алаңның орталығынан атқан болатын. Кішкене жел соққаны да бар. Соңына қарай бәрі реттеле бастады. Ал екінші қашықтықта спортшыларымыз жақсы өнер көрсетті. Әзірге, медаль туралы болжам айтпаймын. Біздің спорт түрінде болжам жасау өте қиын. Дайындалдық. Медаль аламыз деген үмітіміз жоқ емес. Екінші мүмкіндікте жігіттер сенімді түрде ата бастады. Жалпы алғанда, іріктеу кезеңі сәтті өткізді. Команда мүшелері жақсы топқа түсті. Енді әрі қарайғы нәтижелерді күтеміз", - дейді бапкер.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз