Олимпиада аяқталды. Қазақстан нешінші орын алды?

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Олимпиада аяқталды. Қазақстан нешінші орын алды?
Фото ©️ Владислав Семенов

Франция астанасы Парижде ұйымдастырылған XXXIII жазғы Олимпия ойындары аяқталды. Төрт жылдықтың басты бәсекесінде Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлде олжалап, жалпыкомандалық есепте 43-орынға тұрақтады.

БӨЛІСУ

Ел қоржынына алтын жүлдені дзюдодан 60 килоға дейінгі салмақта өнер көрсеткен Елдос Сметов салды. 2016 жылы Рио Олимпиадасында – күміс, 2021 жылы Токиода қола алған отандасымыз Парижде Олимп шыңын бағындырды. Осылайша отандасымыз Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақ дзюдошысы атанды.

Гимнаст Нариман Құрбанов, балуан Демеу Жадыраев (77 кг) және боксшы Нұрбек Оралбай (80 кг) Олимпиаданың күміс жүлдесін олжалады.

Грек-рим күресінің палуаны Демеу Жадыраев Олимпия ойындары тарихында араға 20 жыл салып осы спорт түрінен финалда белдесті. Ал Нариман Қазақстан гимнастика тарихында Олимпиадада медаль алған тұңғыш спортшы атағына ие болды. Нұрбек Оралбай бокстан Олимпиада тарихындағы 26-шы жүлдені ел қоржынына салды.

Ислам Сәтпаев пен Александра Ле (нысана көздеуден аралас жұптық сын), дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) және боксшы Назым Қызайбай (50 кг) Париж Олимпиадасының қола жүлдегері атанды.

Жалпыкомандалық есепте АҚШ құрамасы көш бастады. Олар 40 алтын, 44 күміс, 42 қола медальмен соңғы сәтте Қытайды басып озды. Қытайлықтар 40 алтын, 27 күміс, 24 қоламен екінші орыннан көрінді. Үздік үштікті 20 алтын, 12 күміс, 13 қола медаль иеленген Жапония құрамасы түйіндеді. 

Париж Олимпиадасында Қазақстан құрамасының 78 атлеті 25 спорт түрінен сынға түсті. Соның ішінде 54-і алғаш рет Олимпиадаға қатысты. Сонымен қатар Париждегі дүбірлі додада жалпы 91 елдің спортшысы жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Айта кетейік, келесі жазғы Олимпия ойындары 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтеді.