Алматы облысындағы республикалық олимпиадалық даярлық базасында Қазақстан ұлттық құрамасын XXXIII жазғы Олимпия ойындарына ресми шығарып салу рәсімі өтті. Төртжылдықтың басты додасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Париж қаласында өтеді.
Франция астанасында Қазақстан құрамасы сапынан 80 спортшы спорттың 25 түрінен бақ сынап, 81 медаль жиынтығына таласады. Айта кету керек, Қазақстан Тәуелсіздік жылдарынан бері осымен сегізінші мәрте жазғы Олимпиадаға қатыспақ.
Ресми іс-шарада Ермек Маржықпаев спортшылар және жаттықтырушылар құрамымен әңгімелесіп, алдағы жарыстарға сәттілік тіледі. Министр бұл оқиғаның еліміз үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
«Сіздердің алдыңызда елімізді Париж Олимпиадасында таныстыру, ел намысын абыроймен қорғау сияқты маңызды әрі өте жауапты міндет тұр. Сіздердің чемпиондық мінезіңіз, табандылығыңыз, жеңіске деген ерік-жігеріңіз, осы күнге дейін жиған тәжірибелеріңіз, жаттықтырушылардың, дәрігерлердің, массаж жасаушылардың қажырлы еңбегінің арқасында үлкен нәтижеге жететінімізге сенімдімін. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жазғы және қысқы Олимпия ойындарының 79 жүлдегерін, оның ішінде 15 Олимпиада чемпионын тәрбиелеп шығарды. Олимпиададағы жетістіктер – бүкіл елдің әлемдегі имиджі, мемлекеттің әл-ауқатының көрсеткіші, ең бастысы, бұл – сіздердің көпжылдық және қажырлы еңбектеріңіздің нәтижесі!», - деді Ермек Маржықпаев.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасының спортшылары биыл алғаш рет Олимпиада бағдарламасына енген брейкинг және бадминтон сияқты спорт түрлерінен өнер көрсетеді. Брейкингтен ел намысын Әмір Зәкіров қорғаса, бадминтон сайысында Дмитрий Панарин бақ сынайды.
Олимпия ойындарының ашылу салтанаты 26 шілдеде Париждегі Сена өзенінде өтеді. Жарысқа 205 елден 10 мыңнан астам спортшы қатысады. Олар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады.