“Қырғыз ағайындардан кешірім сұраймыз, бірақ бұл - спорт“. Ақылбай Манкеев сұхбат берді

Нұрбол Ынтымақұлы Корреспондент
Нұрбол Ынтымақұлы>
“Қырғыз ағайындардан кешірім сұраймыз, бірақ бұл - спорт“. Ақылбай Манкеев сұхбат берді
Фото ©️ inst: akylbaimankeev

Астанада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ақылбай Манкеев ойынға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі

БӨЛІСУ

Бас бапкер ойын тартысты өткенін және жігітіттердің намысқа тырысқанын айтты. 

"Ойын соңғы секундтарға дейін тартысты өтті. Екі команда бір-біріне сай. Өздеріңіз көргендей, ойынның бірінші кезеңінде қырғыз көкпаршылары алға шығып, біздің көкпаршылардың мәртебесі сәл төмендегендей болған. Бірақ психологиялық тұрғыда жігіттерді жігерлендіріп отырдық. Қаншама жанкүйер бар, ел қарап отыр бұл додаға. Жігіттерді тоқтатып қойып айттық "трибунаға қараңдар, сендердің арттарыңда 20 миллион халық тұр, сендер шабыттанбасаңдар ертең елге масқара боламыз" деп. Жігіттер үмітті ақтады", - деді Ақылбай Манкеев.

Ақылбай Манкеев бірінші кезеңде орын алған жанжалға қатысты пікір білдірді. Ол екі жақтан да кінә барын, оның үстіне көкпар қызуқанды ойын болғаннан соң, арагідік бұндай жағдайлардың болып тұратынын жеткізді.

"Басында ештеңе түсінбей қалдық. Не болып жатқанын білейік десек, ешкім жауап бермейді. Бірақ кейін ара-жігін ажыраттық. Айта берсең, бұл туралы әңгіме көп. Аттың үстінде жүргеннен кейін бұнда бәрі қызуқанды. Енді бұнда бізді ұрысқа қарай тартқан сияқты. Аузынан боқ ауыз сөздер шыққан. Төрешінің өзі естіп тұр, бірақ оған қарсы шара қолданбады. Біздің тараптан да ағаттық кетті. Сол үшін қырғыз ағайындардан кешірім сұраймыз. Бірақ бұл - спорт, ондай нәрсе болмаса, көкпар ма бұл", - дейді Ақылбай Манкеев.

Құрама бапкер көкбөрі ойындары туралы да айтты. 

"Көкбөрі мен көкпарда бізде бөлек екі команда жасақталған. Ешбір құрама мұнда ұтыламыз деп келген жоқ. Біздің мүмкіндігіміз 50/50. Десе де жігіттер барын салатын болады, - деді Ақылбай Манкеев.

Еске сала кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы қосымша уақытта 5:4 есебімен Қырғызстан құрамасын жеңді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!