Бокстан Қазақстан чемпионы Владислава Кухта ресми түрде Венгрия азаматтығын алды, деп жазады Vesti.kz. Бұл туралы спортшының өзі Instagram желісі арқылы хабарлады.
"Ресми - мен Венгрия азаматымын!
Демек мен халықаралық жарыстарда Венгрия атынан өнер көрсете аламын. Олимпиадаға бару арманымды орындаған Венгрия билігі мен өзімнің Halker-Kiraly Team клубына алғыс айтамын.
Шынын айтсам, ішім алай-дүлей. Бұл мен үшін үлкен қадам. Бір мезетте қуаныштымын және көңілім де құлазып тұр. Өйткені Қазақстан мен үшін әрдайым сүйікті отаным болып қалады.
Тағдырым не жазылғанын білмеймін, бірақ мен қолымнан келгеннің бәрін жасап, мақсатыма жетуге тырысамын!", - деп жазыпты ол Instagram желісінде.
Венгрия бокс федерациясы Владислава мен жаттықтырушысы Акзам Барлыбаевқа 2022 жылы ұсыныс жасаған. Ол кезде қазақстандық боксшы ұлттық құрамаға ілігу жайын ойлап, ұсынысты кері қайтарған. Кейіннен ұсынысты қайта қарап, келісім берген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қазақстандық боксшы қыз Венгрия чемпионатына қатысып үлгерген. Онда қарсыластарының бәрін жеңіп, ел чемпионы атанды. Қазіргі таңда Венгрия құрамасы сапында жаттығуын жалғастырып, алдағы уақытта Париж Олимпиадасы жолдамасына лицензия беретін жарыстарда бақ сынайды.
Владислава Кухта Қазақстан чемпионатында 57 килода екі рет чемпион болды. 2015 жылы жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында қола медаль еншілеген.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз