Жұрт Париж Олимпиадасында жүлде алғандарды көкке көтеріп, оларға пәтер, көлік, тіпті бір үйір жылқы сыйлап жатыр. Алайда елімізге тарихи жүлде әкелсе де, назардан тыс қалған спортшыларымыз бар. Солардың бірі - нысана көздеуден қола жеңіп алған Ислам Сәтпаев. Massaget.kz тілшісі спортшымен бұл спортқа қалай келгенін, тарихи жүлдені жеңіп алғанда қандай сезімде болғанын және нысаны көздеудің артықшылығы туралы сұхбаттасты.
Биыл Олимпиадада Қазақстан үшін тарихта қалатын сәт көп болды. Нысана көздеушілер 28 жылдан кейін медаль алды. Ислам Сәтпаев бұл спортпен айналысуға кім әсер еткенін айтты.
"2012 жылы 7-сыныпта оқып жүргенде сыныптасым қарумен атып көруге шақырды. Бұл спорт түрін білуге деген қызығушылық пайда болды, содан бері айналысып келемін. Бір кездері мансабымды аяқтаймын деген ой болған, алайда алғашқы бапкерім спортты тастамауға себепкер болды", - деді ол.
Мергеннің айтуынша, нысана көздеу үшін психологиялық тұрғыда дайын болып, зейін қоя білу керек.
"Бапкеріммен Олимпиадаға өте тыңғылықты дайындалдық. Психологиялық тұрғыдан да дайын болу керек. Шыны керек, өзіме сенімді болдым. Финалға, жүлде алуға дайын екенімді сездім. Осы орайда бізге ашық тир ұйымдастырып берген басшыларға алғыс білдіремін. Заманауи жабдықталған база нәтижеміздің жақсаруына әсер етті", - дейді ол.
Massaget.kz/Болат Айтмолда
Ислам Сәтпаевтың айтуынша, Олимпиададан кейін өмірі аса өзгере қоймаған.
"Келесі Олимпиадаға дайындықты бастап кеттік. Айтарлықтай ештеңе өзгерген жоқ. Бәрі бұрынғыша", - дейді ол.
Париж олимпиадасында ел намысын қорғаған спортшыларымызды дүркіретіп күтіп алдық, алайда кейбіріне үйір-үйір жылқы сыйлап, темір тұлпарға мінгізіп жатқанда, кейбірі назардан тыс қалды. Олимпиада жүлдегері бұған қынжылмайды, керісінше, әуежайда халықтың мұндай қошеметіне бөленгеніне дән риза.
"Әуежайда көп адам күтіп алып, жылы лебізін айтты. Мен - әскери адаммын, Армия орталық спорт клубының қолдауы қатты сезілді. Олар дайындыққа да, құралмен жабдықтауға да көп көмек етті. Ең күшті сый - жақындарымның күтіп алуы. Шыны керек, әлі сыйлық алған жоқпын", - дейді ол.
Massaget.kz/Болат Айтмолда
Сондай-ақ, Ислам Сәтпаев бұл спортқа қатысты қызық жайттарды бөлісті.
"1996 жылдары, қателеспесем, спортшылар былғары күрте киіп қатысатын. Бұл арқылы оқ атқанда арқаны тік ұстаймыз. Қазір спорт киімінің үлгісі өзгерді, былғары күрте кимейді. Сырт көзге қызық көрінгенімен, бұл киім өте ыңғайлы. Мұндай киім қандай да бір жарақаттан қорғайды. Кейде ыстық болып кетеді, бірақ біз үйреніп кеттік. Бұдан басқа, моноколь, яғни арнайы көзілдірік бар. Бұл - тіпті көзі нашар адам да оқ ата алады, спорттың осы түрімен айналыса алады деген сөз", - деді спортшы.
Нысана көздеу спорты қымбат спорт түріне жатады, себебі қарудың өзі бірнеше миллион теңге тұрады.
"Негізінен пневматикалық қарудан атуды қымбат спорт түріне жатқызуға болады. Мысалы, менің спорт киімім Үндістанда жасалған, оның құны - 1700 еуро, яғни 890 мың теңге. Қару тіптен қымбат. 50 метрге бағытталған қару 7-8 мың еуро, 3-4 миллион теңгеге жетеді", - дейді ол.
Olympic.kz/ Нұрғали Жұмағазы
Нысана көздеу спортымен шұғылданатын адам "киллер" бола ала ма? Ислам Сәтпаев бұл сұраққа жауап берді.
"Түркиялық ер адамның суреті мен оны қоғамның талқылауы жаңсақ ойға әкелуі мүмкін. Оқ ататын спортшылар тәртіпке қатты бағынады. Бізде қарудан оқу атуды кейін бұрыс бағытта қолдану туралы ой болмайды. Бұл спорт түріндегі адамдарды бір-бірімізді жақсы танимыз. Біздің мақсатымыз - "киллер" болу емес, бұл спорт түрін дамыту", - деп қорытындылады Олимпиада жүлдегері.
Айта кетейік, бұған дейін Олимпиада жүлдегерлері қандай сыйлыққа ие болғаны туралы жазған едік.
Қазақстан 43, Өзбекстан 13-орында. Елімізде спортқа жұмсалған қаражат ақталды ма?
Қоржынға кім қандай жүлде салды?
Еске салайық, Қазақстан 28 жыл ішінде еліміздің намысын қорғаған спортшылар 82 жүлдеге қол жеткізген.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!